Қазақстандық ғалымдар суперасфальт әзірледі

Қазақстандық ғалымдар суперасфальт әзірледі

Қазақстандық ғалымдар еліміздің жолдарына арналған суперасфальт жасап жатыр. Қазір Еуразия Ұлттық университетінде табиғаттың тылсым мінезіне төзімді жол төсемесіне арналған экологиялық тиімді технологиялар әзірленуде. Озық әдіс асфальт бетонының беріктігін қамтамасыз етеді. Ең бастысы әрбір өңірдің ерекшеліктеріне барынша бейімделген тың тәсілдер қолданылады. Әр аймаққа қатысты жол құрылысын жобалауда климаттық факторлар, көлік жүктемесі, яғни қозғалыс қарқыны және шикізаттың қалыпты көлемі ескеріледі. Ғылыми зерттеу жұмыстарының барысында бетонның қасиеттерін жақсартатын жаңа отандық минералды қоспалар дайындалды. Жаңа технологиялардың нәтижесінде қазақстандық жолдар 5-10 жылға дейін жөндеусіз қызмет ете алады,- дейді жоба жетекшілері.

Самал Қоспармақова, ЕҰУ инновацияларды дамыту департаментінің ғылыми қызметкері:

- Ылғалға төзімділігін арттыру мақсатында өндірістік қалдықтарды, яғни базальтті ватаны химиялық реакцияға ұшырату арқылы біз ұнтақ аламыз.  Ұнтаққа егер суды қосып көрсететін болсам біздің ұнтақ суды өзіне сіңіріп алмайды. Ылғалды ортадан қорғау, яғни гидрофобты қасиетін арттыру үшін асфальтті бетонға осы модификаторды ұсынамыз.

Әсел Жексембаева, ЕҰУ инновацияларды дамыту департаментінің директоры:

- Сондай-ақ бетонды модификациялау мақсатында қазір  біз полимерлі бетон қоспасын әзірлеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біздің ғалымдар ойлап тапқан полимер қоспасы жол құрылысы кезінде қолданылатын бетонның бірігуі мен сапалық қасиеттерін жақсартуға септеседі.  Яғни, берік ете түседі. Бұның бәрі толық қазақстандық үлеспен жасалады.

Әзірге барлық зерттеулер мен сынақтар еліміздегі алғашқы құрылыс-техникалық инженерлік орталықта жүргізілуде. Оны құруға ғылым қоры 4 млрд теңге гранттық қаражат бөлген. Заманауи құрылғылармен жабдықталған зертхана жол құрылысына қатысты  қызметтердің толық циклін қамтамасыз етеді. Алдағы уақытта жаңа асфальтті бетон елдің әр өңірінде іс жүзінде сынақтан өткізілмек. Жалпы жобаны 2025-ші жылға дейін жүзеге асыру жоспарланған.