Париж Олимпиадасына дайындық

Париж Олимпиадасына дайындық

Қазақстанның жазғы Париж олимпиадасына дайындығы қыза түсті. Төрткүл дүние ойындарына Ұлттық құрама осы күнге дейін 19 лицензия ұтып алған. Отандық сайыпқырандарға әзірге спорттың 8 түріне қатысу мәртебесі бұйырды. Атап айтсақ: садақ ату, веложарыс, нысананы көздеу, бессайыс пен бокс, грек-рим мен еркін күрес және спорттық гимнастикадан ел намысы қорғалады. Қоржынға әлі бірқатар жолдама еншілеу үшін уақыт бар дейді, мамандар.

Еске салайық, Париж олимпиадасы шілденің 26 мен тамыздың 11 аралығында өтеді. Жаһандық додаға әлемнің 205 елінен 10 мыңнан аса спортшы қатысады деп күтілуде. Франция төрінде спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ермек Маржықпаев, ҚР Туризм және спорт министрі:

- Бүгінде ең бастысы сол лицензияларды көбейту. Қазір біздің боқстан құрама командамыз Италияға аттанды. Сол жерден 3-4 лицензия алуға үміттіміз. Алдымызда әлі 60 лицензиялық турнир бар. Енді сол 70 астам лицензия аламыз деп үміттеніп жатырмыз.

Бұл ретте елімізде күні кеше Ұлттық құраманың Париж олимпиадасына киетін формасына дизайнерлік байқау жарияланғанын айта кету керек. Киім үлгілері салтанатты рәсімге және жаттығуға арналған жұптан тұрады. Ұсынылған жұмысты арнайы комиссия қарап шешім қабылдайды. Ашық байқау наурыз айының 15 дейін жалғасады.