Қ.Тоқаев елімізге инвестициялар ағынын арттыруды тапсырды

Қ.Тоқаев елімізге инвестициялар ағынын арттыруды тапсырды

Ел экономикасына сыртқы капитал ағынын арттырып, жаңа инвестициялық кезеңді бастау керек. Мемлекет басшысы  Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай тапсырма берді. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған мемлекеттік органдар жаппай кірісуі қажеттігін баса айтты.  Қазақстанда шетелден қаражат тарту ісіне қарқын қосу үшін біртұтас экожүйе қалыптасуы тиіс. Бұл жаңадан құрылған инвестициялық штабтың негізгі міндеті. Сондай-ақ, құрылым осы бағыттағы өзге де шараларды жүзеге асыруға септеседі. Жаңа құрылым даму институттарының жұмысын жандандырып, бизнес өкілдерімен тиімді диалог жүргізуге тиіс. Шетелдегі мекемелердің, орталық пен аймақтардың арасында тығыз байланыс орнату қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару инвестициялық әлеуетті арттырудың тағы бір қайнар көзіне айналуы тиіс екенін еске салды.  Тәуелсіз сарапшылар қазірдің өзінде Президенттің мәлімдемелеріне қатысты өз пікірлерін білдіріп жатыр. Экономистердің пайымынша, жаңа Премьер-Министр бастаған Үкімет ұлттық экономиканы жетілдіруге қауқарлы болмақ. Ең бастысы мамандар жаңарған құрам халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шараларды қаперге алып, тиімді жұмыс істейтініне сенімді.

Нуржан Биякаев, тәуелсіз сарапшы-экономист:

- Жаңадан тағайындалған Премьер-Министрдің осы бағытта мол тәжірибесі бар. Бұрындары ол заңсыз активтерді қайтару бойынша күш құрылымдарында қызмет етті. Ол үкіметтің жалпы жұмысына тың серпін беретініне сенімдімін. Меніңше, заңсыз шығарылған активтерді елге қайтару ісі жандана түседі. Бұл іске белсенді түрде кірісу керек деп санаймын. Елге қайтқан қаржының есебінен ірі жобалар мен бюджеттік бағдарламаларды қамтамасыз етуге болады. Бастысы елдің шалғайдағы елді-мекендерінде мектептер мен ауруханалар салынады. Президенттің осы бағытын толықтай қолдаймын.