Жаңа әуежайлар мен вокзалдар салынады

Жаңа әуежайлар мен вокзалдар салынады

Биыл Атырауда жаңа әуежай терминалы салынады. Ал, Павлодар әуежайы күрделі жөндеуден өткізіледі. Одан бөлек, Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарындағы әуежайлар құрылысы аяқталуы тиіс. Арқалықтың ескі әуежайы да жаңартылып жатыр. Сонымен қатар 124 теміржол вокзалы қайта қалыпқа келтірілмек. Порттардың да инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасады. Еске салайық, еліміз үшін көлік-логистика саласының әлеуетін арттыру – стратегиялық маңызы бар міндет екенін Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында атап өтті.

Жасұлан Керімбаев, ҚР Көлік министрлігі теңіз порттары басқармасының басшысы:

- Түбін тереңдету жұмыстары осы жылы Ақтау портында бастау жоспарлануда. Сонымен қатар Құрық портында 2 контейнрлік терминал салу жоспарға қойылған. Ақтау портында 2 айлақ салу жоспарланды.

Бұдан бөлек, өңірлерде туризмді дамыту мақсатында әлеуметтік маңызы бар 23 әуе бағыты бойынша субсидиялау бағдарламасы жалғасын табады. Президенттің аталған саланы дамыту тапсырмасына сай Туризм және спорт министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге бір ай ішінде нақты іс-шаралар жоспарын ұсынуы тиіс. Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне туризм саласындағы кадрлық мәселелерді шешу жүктеліп отыр. Айта кетейік, өткен жылдың 9 айында Қазақстанға 8 миллион 600 мыңнан астам турист келген. Шетелдік меймандар Астана, Алматы қалаларын, Маңғыстау, Ақмола және Түркістан облыстарын аралаған. Дені Қытай, Үндістан, Германия, Жапония, Оңтүстік Корея мемлекеттерінен және көршілес елдерден саяхаттап келген.