Мас күйде көлік жүргізгендердің жазасын жеңілдету ұсынылды
Мас күйде көлік тізгіндегендердің жазасы тым қатал, жеңілдету қажет. Бүгін рақымшылық мәселесі көтерілген Мәжіліс жиынында депутат Николай Арсютин Ішкі істер министрлігіне осындай ұсыныс айтты. Оның уәжіне қарағанда, Парламентке әкімшілік жазаның бұл түрін жеңілдетуді сұрап өте көп өтініш түседі. Қазіргі заң бойынша ішімдік ішіп, мас күйінде көлік айдағандар бірден 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.. Депутат осы жаза мерзімін 4 жылға дейін қысқарқан дұрыс деп отыр. Мәжілісменнің бұл ұсынысын Ішкі істер министрлігі қолдамайтынын бірден білдірді. Вице-министр Санжар Әділовтің айтуынша, мұндай қатаң шараларды қолданудың өзіндік себебі бар. Әрі оны жеңілдету мүмкін емес. Мәселен, биылғы 5 айдың өзінде мас жүргізушілердің қатысуымен 144 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 4 адам көз жұмып, 212 азамат жарақат алған.

