Қазақстанда қызылшаға қарсы иммундау жұмыстары күшейтіледі

Қазақстанда қызылшаға қарсы иммундау жұмыстары күшейтіледі

Қазақстанда коронавирус, ротавирус сынды 39 инфекция бойынша сырқаттанушылық төмендеді. Ал қызылшаға қатысты деректерге келсек, 2023 жылдың соңында елде бұл індетті 29 мыңнан астам жұқтыру жағдайы тіркелді. Аталмыш дертке шалдыққандардың 80% 14 жасқа дейінгі балалар. Жағдайды тұрақтандыру үшін алты жасқа дейінгі 700 мыңға жуық балаға қызылшаға қарсы екпе жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қосымша вакциналау аясында өткен жылдың қарашасынан 930 мың адам екпе алды. Шамамен күн сайын 20 мыңнан астам адам иммундалды. Бұл жөнінде жаңа жылдағы Үкіметтің алғашқы отырысында денсаулық сақтау министрі мәлімдеді. Ажар Ғинияттың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты болып қалды. Алдын алу шараларының арқасында 20-дан аса қауіпті жұқпалы ауру мүлдем тіркелген жоқ. Олардың арасында оба, тырысқақ және полиомиелит бар. Бұл бағытта жаңа жылдан бастап елімізде бірқатар алдын-алу шаралары көзделген.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Әкімдіктер Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп  қызылшаға қарсы вакциналау жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ  басқа да профилактикалық екпелермен вакциналауды жандандыру қажет.  Жоспарлы екпе алмағандарға ерекше назар аударылуы тиіс. Бұл ретте жол қатынасы қиын және шалғайдағы ауыл тұрғындарын вакциналау үшін жағдай жасау керек. Жалпы әкімдер вакцинациялау мәселесін ерекше бақылауда ұстауы тиіс.