Заң, тәртіп және медиа қауіпсіздігі
«Заң мен тәртіп: ашық коммуникация және медиа тәуекелдерді басқару» - осындай тақырыбпен Ұлытау облысы Қоғамдық даму басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен тренинг семинар өтіп жатыр. Шараның мақсаты – өңірде заң үстемдігін нығайтуға бағытталған ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру.
Семинарды Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Коммуникация бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Перизат Сәдуақас жүргізді. Ол сот жүйесіндегі қазіргі коммуникация тәсілдері мен медиа стратегия жасаудың негізгі ұстанымдары туралы кеңінен әңгіме өрбітті. Сондай-ақ Үкіметтің 2025–2030 жылдарға арналған «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының негізгі бағыттары таныстырылды. Құжаттың мақсаты – заң үстемдігін нығайту, халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру және сотқа қолжетімділікті кеңейту.
Перизат Сәдуақас, ҚР Жоғарғы сотының коммуникация бөлімінің меңгерушісі:
- Биыл сәуір айында үкіметтің қаулысымен 5 жылға арналған заң және тәртіп идеологиясын ілгерілету бойынша тұжырымдама қабылданды. Осыған сәйкес барлық мемлекеттік органдар оның ішінде құқық қорғау органдары осы идеялогияны қоғамда насихаттау бойынша кешенді жұмыстар жүргізіп жатыр. Сонымен қатар сот саласы да үлкен ақпараттық трансформациядан өтуде. Дәл қазір ашық коммуникациямен жұмыс жасап істеп, қоғамға бұрынғыданда ашылып ашық сот процестерін өткізіп, БАҚ өкілдерімен тікелей жұмыс жасап жатырмыз.
Семинарда құқықтық мәдениетті қалыптастыруға қатысты негізгі ұстанымдар кеңінен айтылды. Оның ішінде заңның бәріне ортақ болуы, ашықтық, есеп беру міндеті, адам құқығын қорғау және ұлттық-мәдени ерекшеліктерді ескеру мәселелері көтерілді. Жиынға қатысқан мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері мұндай семинарлар халыққа қажетті құқықтық ақпаратты жылдам әрі түсінікті жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.
Сүлеймен Қыдырбек, Ұлытау облысының құқықтық статистика және арнайы есепке алу департаентінің аға прокуроры:
- Семинар бізге жаңа бір идеялар мен тәсілдерді алып келді десек болады. Қалай жұмыс жасау керек, қалай тиімді Заң және тәртіп идеялогиясын тез әрі тиімді тарату бойынша жақсы сабақ алдық десем болады. Рақмет, алғыс білдіремін.
Семинарда медиа жұмысының негізгі бағыттары талқыланды. Құқық қорғау органдарының қызметін ашық көрсету, қоғамның сенімін арттыру және алдын алу жобаларын БАҚ арқылы тиімді жеткізу жолдары түсіндірілді. Шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.
Авторы: Алтынгүл Мәжікен

