Дубайдан «Дикий Арманның» сыбайласы экстрадицияланды
«Дикий Арманның» сыбайласы деген азамат Дубайдан ұсталып, Қазақстанға экстрадицияланды. Бас Прокуратураның хабарлауынша, арнайы операция Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жүргізілген. Әзірге оның аты-жөні айтылмады. Дегенмен, қылмыстық топтың жетекшісі деседі. Ол 2022 жылғы 5-7 қаңтар аралығында Алматы қаласында Арман Жұмагелдиевтің бандасының құрамында болып, жаппай тәртіпсіздік жасауға белсене қатысқан деген күдікке іліккен. Содан бері 3 жыл халықаралық іздеуде болған. Қазір күдікті Астанадағы тергеу изоляторына қамалыпты. Егер қылмысы дәлелденсе, кемі 10 жылға сотталуы мүмкін. Еске салсақ, қылмыстық ортада «Дикий Арман» атымен белгілі Арман Жұмагелдиевтің өзі биыл қаңтар айында 20 жылға сотталды. Оған қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда бүлік ұйымдастырды деген айып тағылған. Онымен бірге сыбайлас ретінде 44 адам жаза алды.

