«Ақбота» бөбекжайы күрделі жөндеуден өтті

«Ақбота» бөбекжайы күрделі жөндеуден өтті

Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласындағы шешімін таппай тұрған мәселенің бірі балабақшадағы орын тапшылығы. Қазіргі таңда екі мыңнан аса бүлдіршін кезекте тұр. Осы кезектің санын азайту мақсатында «Ақбота» бөбекжайы күрделі жөндеуден өтіпқайта пайдалануға берілді. Бүгін есігін салтанатты түрде айқара ашқан ғимаратта балалар үшін барлық қолайлы жағдай жасалып, мектепке дейінгі білім алуына толық мүмкіндік бар.  


1994 жылы қабырғасы қаланған мектепке дейінгі мекемеге Ұлытау облысының әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы серіктестік аясында күрделі жөндеу жүргізіліп, бүгін салтанатты жағдайда нысанның ашылуы өтті. 


Нұрахмет Нұриев, «Қазақмыс корпорациясы» басқарма төрағасы:

 

- «Ақбота» балабақшасы бүгін есігін айқара ашты. Бұл ауқымды жобаның аяқталуы ғана емес, біздің 320 кішкентай қала тұрғындары мен олардың отбасыларының өміріндегі жаңа кезең деп айтуға болады«Ақбота» - бұл нағыз даму орталығы десек артық айтпағанымыз. Біз балаларымыздың шығармашылық дағдылары мен таланттарын дамытқанын қалаймыз.

  

320 балаға арналған ғимарат заманауи жабдықтармен қамтылған. Музыкалық зал, монтессори кабинеті, спорт залы, тұз шахтасы, ойын бөлмелері мен ас үй толық жаңаланған. Ғимараттың ауласы абаттандырылып, ойын алаңдары да жаңғыртылған. Қазір таңда кіші және ортаңғы топқа балаларды қабылдау жүргізіліп жатыр. 

  

Жанар Күнпейісова, «Ақбота» бөбекжайының әдіскері:

 

- «Ақбота» бөбекжайында өзі 13 топ бар болатын. Сыйымдылығы 320 балаға арналған. Күрделі жөндеуден кейін тағы бір топ қосылып қазір 14 топ болды. 276 бала қазір бар, бірақта біз балаларды қабылдап жатырмыз, қажеттілігіне қарай балалар келеді. 

  

Бақшада бүлдіршіндердің білімін жетілдіру үшін 25 педагог қызмет етеді. Бөбекжай басшылығы жаңадан ашылған кабинеттерде жұмыс істейтін мамандарды арнайы оқытуды көздеп отыр. Ата-аналар да дән риза. Айтуларынша апатты жағдайда тұрған балабақша адам танымастай өзгерген.  


Ақпар үшін айта кетейік, «Қазақмыс корпорациясы» 2 қабатты ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге 1 млрдқа жуық теңге жұмсаған. Сәтбаев қаласында қазіргі таңда 15 балабақша бар. Былтыр олардың екеуіне күрделі жөндеу жүргізілген. Биыл бюджеттің бөлінуіне қарай тағы бір бала бақшаға күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.