Мыңнан астам медицина қызметкері арнайы дайындықтан өтеді
Ауыл медицинасы жаңа медициналық мекемелер мен білікті кадрларға мұқтаж. Сондықтан құрылыс нысандарында бақылауды күшейтіп, мамандарды оқытатын бағдарламарды көбейту керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр айтты. Қазір елді-мекендерде 1 мыңнан астам медицина қызметкері жетіспейді. Сондықтан биыл мамандарды даярлайтын бағдарламаларға ден қойылмақ. Сондай-ақ, елде ауыл-аймақтардағы денсаулық сақтау саласын дамытатын жобалар іске асып жатыр. Оған қазынадан 60,3 млрд бөлінді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
– Оның 21 млрд теңгеден астамын өңірлер алып үлгерді. Құрылыс маусымы әсіресе, Солтүстік өңірлер үшін тез аяқталатынын ескеру қажет. Барлық обьектілер белгіленген мерзімді пайдалануға берілуі тиіс.
Одан бөлек, биыл ауыл-аймақтарда 600-ден астам медициналық мекеме ашылмақ. 500-і – медициналық пункт, ал қалғаны – дәрігерлік амбулатория. Қазір 102 нысанның құрылысы аяқталған. Оның көбі Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында. Мұның бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасының аясында іске асып жатыр. Биылдың өзінде 32 аурухана жөнделеді. Жаңа құрылғылармен толығады.

