Мемлекет басшысы Қосшы қаласындағы мектеп-гимназиямен танысты
Қосшы қаласында инвестор 300 орындық көпбейінді аурухана салып жатыр. Нысанның жанында 1000 адамды қабылдайтын емхана болады. Сондай-ақ, келесі жылы қоғамдық мәдени-спорт орталығы халық игілігіне беріледі. Ал «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында үш білім ошағы мен балабақша бой көтереді. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің Ақмола облысына жұмыс сапары барысында айтылды.
Қосшыға қала мәртебесі берілгеннен бері халық саны 110 мыңға жеткен. Шаһарда баспана тапшылығын болдырмас үшін, 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй мен 45 әлеуметтік нысан салынады. Соңғы екі жылда үш мектеп ашылған. Тағы бір білім ордасының құрылысы аяқталуға жақын.
Президент қаладағы 1500 орындық мектеп-гимназияны аралап көрді. Жаңа ауданында орналасқан мектеп «Болат Өтемұратов қорының» жеке инвестициясы есебінен салынып, жергілікті білім бөлімінің басқаруына берілген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының стандарттарына сай бой көтерген білім ошағында қазіргі кезде екі ауысыммен 2700 бала оқиды. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Балалар спорт секцияларына және әртүрлі үйірмелерге тегін қатысады.
Президент мектепке өзінің «Әке туралы ой-толғау» кітабын және Қазақстанда шығарылған автобусты сыйға тартты.

