Қазақстандық ғалымдардың дәрежесі ЕАЭО елдерінде танылады

Қазақстандық ғалымдардың дәрежесі ЕАЭО елдерінде танылады

Қазақстандық ғалымдардың дәрежесі Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерде танылады. Яғни, бұдан былай отандық зерттеушілер аккадемиялық атақтарын ешбір растаусыз Армения, Белорусь, Қырғызстан және Ресейде жұмысқа тұра алады. Мәжіліс Одаққа мүше мемлекеттерде тиісті құжаттарды өзара тану туралы келісімді ратификациялады. Құжаттың өзіне былтыр Сочиде қол қойылған. Онда бірнеше бағыт қамтылған. Олар жайында төменгі палата отырысында Ғылым және жоғары білім министрі жіті баяндап берді. Саясат Нұрбектің айтуынша, егер одақ елдерінің ғалымдары академиялық дәрежесі бойынша үстемеақы алуға өтініш берген жағдайда бұл құжаттарды танудың ұлттық рәсімдері қолданылады. Сондай-ақ заңның аясында ғылыми дәрежелер туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексерудің объективті тетіктерін құру және қатысушы елдер арасында ақпарат алмасу көзделіп отыр. Құжаттарды   растап, тексеру үшін мүдделі ұйымдар басқа мүше мемлекеттердің құзыретті органдарына сұрау салуға құқылы. Бейінді ведомства басшысы қазір ЕАЭО-ға мүше елдер осы келісімді ратификациялау бойынша ішкі рәсімдерді жүргізіп жатқанын жеткізді. Саясат Нұрбек депутаттардың сауалдарына жауап бере отырып, біздің заңнама бойынша дипломдарын танудан босатылған тұлғалар, яғни басқа шет мемлекеттердің азаматтары санаттарына тоқталды.

 

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

-Кімдер босатылады? Бүгінгі күні бұл үрдіс менің бұйрығыммен реттеледі. Эквивалентілікті тану және растаудың өзіндік ережелері бар. Халықаралық рейтингтерде дүниежүзінде мойындалған ТОП-250-ге кіретін университеттерде ғылыми дәрежесін қорғаған тұлғалар растауды қажет етпейді. Сондай-ақ бізде мемлекеттік құпияларға қатысты бірнеше нақты жағдайлар бар. Олар Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігінің, Бас прокуратураның жолдамасымен мамандандырылған оқу бағдарламаларына немесе докторантураға жіберілсе, онда ол адамдар да осы тізімге енеді. Осыған қатысты өнер саласында да ерекшеліктер қарастырылған.