Қазақстан Париждегі Олимпиадада жалпы есепте он төртінші орында

Қазақстан Париждегі Олимпиадада жалпы есепте он төртінші орында

Париждегі Олимпиаданың бесінші күні қазақстандық спортшылар үшін сәтсіз болды. Нысана көздеуден топтық сында Ұлттық құрама қоржынына қола салған Ислам Сатпаев пен Константин Малиновский жекелей жарыста топ жара алмады. Ал, бокстан шаршы алаңға шыққан Махмұд Сабырхан испандық спортшыдан жеңіліп қалды. Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 қоламен қазір турнир кестесінің 14-ші сатысына түсті.

Бокстан Олимпиада ойындарының кезекті жарыс күнін ашу рәсімі Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкинге бұйырды. Ол арнайы рәсім жасаған соң бүгінгі жекпе-жектер басталды. Бұл биылғы Олимпиада ойындарына енгізілген басты жаңалықтардың бірі. 

Әзірге жарысқа лицензия алған төрт жерлесіміз Мұхамедсабыр Базарбайұлы, жеңіл салмақта Сәкен Бибосынов, 80 келіде Айбек Оралбай және ауыр салмақта Нұрбек Оралбай ғана ширек финалға шықты. Ал, Махмұд Сабырхан үшінші жарыстың іріктеу кезеңінен өте алмады. Алғашқы кездесуінде испаниялық Хосе Кулес Бротостан жеңіліп қалды.  

Махмұд Сабырхан, боксшы:

– Шынымды айтсам, бірінші раундта алып тұрған едім. Ары қарай жақсы ойнаймын дедім. Екінші раундта алдым ба десем, ұпайды қарсыласқа беріп жіберді. Үшінші раунд еш нәрсе шешпейтінін білдім. Осымен олимпиаданы аяқтадық. 

Сондай-ақ, бүгін 50 метрден 3 позицияда нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеу аяқталды. Ұлттық құрама қоржынына алғашқы жүлдені салған Ислам Сатпаев 588 ұпай жинап, 18-сатыға тұрақтады. Ал Константин Малиновский 586 ұпаймен 25-орыннан көрінді. 

Ал, триатлоннан тартысқа түскен Екатерина Шабалина Олимпиададаны 55-орынмен аяқтады. Ол алғашқыда 1,5 шақырым қашықтықты жүзіп өтіп, 40 шақырымға межеленген веложарысты еңсере алмады. Олимпиада ойындарының соңғы үш күнінде ел қоржынына жүлде түспеді. Қазір турнир кестесінің 14-ші сатысындамыз.

Бір сағаттан соң спорттық гимнастиканың финалында жерлесіміз Милад Карими бақ сынайды. Астана уақытымен түнгі сағат 23:20-да Валентина Хользова Панама спортшысымен жұдырық түйістіреді. Жарысты «Жібек жолы» арнасынан тамашалай аласыздар.