Үкіметте инвестициялық ахуалды жақсарту жоспары талқыланды

Үкіметте инвестициялық ахуалды жақсарту жоспары талқыланды

Инвесторлар үшін әкімшілік үрдістер мен кедергілерді азайтып, барынша қолайлы жағдай жасау. Осының қамында Қазақстанда инвесторларға арналған бірыңғай Ұлттық тұғырнама құру қажет. Оның ішінде барлық қолдау тетіктері мен жеңілдіктер қамтылуы тиіс. Ел Премьер-Министрі Үкімет отырысында бейінді ведомстволарға осындай тапсырма берді.


Сондай-ақ, Олжас Бектенов жауапты тұлғаларға сырттан капитал тартуға қатысты нақты жоспар әзірлеуді жүктеді. Үкімет басшысы қолдау шараларының тиімділігіне талдау жасап, оларды жетілдіру бойынша нақты ұсыныстар енгізу қажеттігін назардан тыс қалдырмады. Олжас Бектенов өз қаражатын құюға ниеттілерге үкімет жан-жақты қорғау мен көмек көрсетуге кепілдік беретінін де атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:


Үкімет сіздерге сенімді әрі ашық әріптес болады. Біз отандық және шетелдік инвестициялар ағынын арттыру үшін басқа да бастамаларды іске асыруға ниеттіміз. Олардың қатарында экономиканың басым салаларында инвесторлар үшін түбегейлі ынталандыру шаралары мен жаңа тәсілдерді қолдану, салықтық преференциялар, бюрократияны және бизнеске қажетсіз талаптарды алып тастау көзделуде. 

Инвесторларды кешенді қолдау шаралары биыл негізгі капиталға 22 трлн теңгеден астам инвестиция тартуға мүмкіндік бермек. Бұл өткен жылдың қорытындысынан 22% көп. Сонымен қатар жалпы құны 2 трлн астам теңгеге бағаланған 234 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған.