Ұлттық банк AI•KÚN және TÚIE жаңа коллекциялық монеталарды таныстырды

Ұлттық банк AI•KÚN және TÚIE жаңа коллекциялық монеталарды таныстырды

Қазақстанның Ұлттық банкі жаңа коллекциялық монеталарды таныстырды. Олардың бірі AI•KÚN «Сиқырлы нышандар» сериясымен айналымға шықты. Оның дизайны қарама-қайшылықтар бірлігі түсінігіне негізделген. Күн батылдық пен белсенділікті білдірсе, ай тыныштық пен шығармашылықтың нышаны ретінде бейнеленген. Бұл тиын күмістен және мельхиордан соғылған. Номиналдық құны  200, 500 және 5000 теңге. Сонымен қатар «Көшпенділердің ғибадат жануарлары – тотемдері» сериясындағы TÚIE монетасы да дәл осы үлгілерде жасалған.

Алмат Басенов, ҚР Ұлттық Банкінің бас дизайнері:

- Бұл аталмыш сериямен шығарылған осымен 6-шы монеталар топтамасы. Оның дизайнында сақ стилінде бейнеленген жануардың көрінісі біріктірілген. Көшпенділер мәдениетінде түйе адамгершілік пен тәуелсіздік, күш-жігер мен төзімділіктің бейнесі саналады. Сондықтан көшпенді халықтар оны аса құрмет тұтқан. Бұл монеталардың барлығын Ұлттық банктің интернет-дүкенінен сатып алуға болады.