ТЖМ техника базасын жаңартады

ТЖМ техника базасын жаңартады

Төтенше жағдайлар министрлігі биік ғимараттардағы өртті сөндіруге арналған дрон сатып алуды жоспарлап отыр. Бұдан бөлек, оқыс оқиғалардың алдын алу үшін 10 пилотсыз ұшу аппараты, төрт ұшақ және жеті тікұшаққа қол жеткізу көзделеді. Сонымен қатар, мемлекеттік және жергілікті бюджет есебінен жыл соңына дейін 728 автотехника, 18 мыңнан астам құрал-жабдық сатып алынатынын жеткізді. Ал сатып алынған техникалар ең бірінші болып, қажеттілігі басым аудандарға жіберілмек.

Шыңғыс Әрінов, ҚР Төтенше жағдайлар министрі:

– Жиырма өңірде авиа отряд құрамыз деген ой бар. Ол кез келген төтенше жағдай кезінде жедел ден қоюды жасай аламыз деген сөз. Сол өңірдің шеңберінде. Бұкіл республиканы көтермей, басқа жақтан тартпай сол өңірде барлық жағдай шешіледі деген ойдамыз.

Министр өз мәлімдемесінде өрт сөндіру тәсілі қайта қаралатынын айтты. Мәселен, тамыз айында елордада жатақханасы бар бірегей өрт сөндіру бекеті ашылған. Өрт сөндіру бекетінің құрылысы жылдам конструкцияланатын технологияның арқасында 3 жарым ай ішінде аяқталыпты. Енді осыған ұқсас құрылыс тәсілі барлық өңірге енгізілетін болады.