Көлік саласы цифрландырылады

Көлік саласы цифрландырылады

Қазақстанда көлік саласының цифрлық трансформация картасы бекітілді. Енді шекарадан адам мен жүк өткізу уақыты қысқарады. Қызмет сапасы жақсартады және транзиттік тасымал артады.

Енді жолаушылар әуежайда әбігерге түсіп, ұзын-сонар кезек күтпейді. Алдағы екі жылда әуе айлақтарында биометриялық сәйкестендіру тетігі іске қосылады. Бұдан бөлек, теміржол бағыттарының 55 пайызына интеллектуалды жүйелер енгізіледі. Ал, автокөлік өткізу пункттерінде «жасыл дәліз» қолданысқа енеді. Цифрлық шешімдер кірістер комитетінің және одақ елдерінің жүйелерімен интеграцияланған.

Ростислав Коняшкин, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі:

- Жүйе бизнес үшін бақылауды жеңілдетіп, «жалған транзиттің» алдын алады. Ал мемлекет үшін салық пен бюджет түсімдерін арттырады. Одақ аумағында толық енгізу 2026 жылдың ақпанына жоспарланған.

Кедендік рәсімдерді автоматтандырып, инфрақұрылымды жаңартудың арқасында шекарадан өту уақыты 3 есе қысқарған. Бүгінде бірыңғай Keden платформасына көшу аяқталды. Нәтижесінде 16 модуль енгізіліп, процедураларды автоматтандыру транзиттік уақытты 30 минуттан 10 минутқа дейін қысқарды. Ал контейнерлік пойыздарды тексеруге қазір небәрі 30 минут қана кетеді.

Мәди Тәкиев, ҚР Қаржы министрі

- Логистикалық операцияларды көліктік-логистикалық орталықтар мен уақытша сақтау қоймаларына көшіру көліктің өткізу пункті арқылы өту уақытын 9 сағаттан 30 минутқа дейін қысқартты.

Ал республикалық жолдарға жүк көліктерінің салмағын автоматты түрде өлшейтін 126 станса орнатылады. Қазірдің өзінде 24 камера арқылы 500-ден астам заң бұзған дерек анықталды. Ақылды жүйенің арқасында ақылы жолдардан 79 млрд теңгеге пайда түсті.  Бұдан бөлек, орташа жылдамдықты есептеу тәсілі көлік апаттарының санын 10 пайыз азайтқан.

Дархан Иманашев, «Қазавтожол» ҰК» АҚ басшысы:

- Орташа және белгіленген жылдамдықты есептеу механизмін енгізу нәтижесінде жол бойындағы қауіпсіздік артып, жол-көлік оқиғаларының саны шамамен 10% төмендеді. Бұл ретте көлік ағымы 45 миллионнан 54 миллионға дейін, яғни 20% өсті.

Үкімет басшысы Халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді цифрландыруды жылдамдату керек, - деді. Себебі, соңғы 10 айда Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 29 миллион тоннадан асып, нақты өсім көрсеткен.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Транзиттік жүк тасымалы үшін бәсеке күшейіп барады. Осы орайда көлік логистикалық жүйенің қолда бар әлеуетін белсенді түрде кеңейту қажет. Бірінші кезекте халықаралық көлік дәліздері мен өткізу пункттеріндегі процестерді жылдам цифрландыру керек.

Бұдан бөлек, барлық көлік инфрақұрылымы «E жолдар» жүйесіне біріктіріледі. осылайша олардың жай-күйін, ақауларын, ондағы жөндеу жұмыстарын онлайн-режимде бақылайтын күн туады.

Авторы: Зұлқарнай Ермұратұлы