Қазақстан 2023 жылы 6 елге гуманитарлық көмек көрсетті

Қазақстан 2023 жылы 6 елге гуманитарлық көмек көрсетті

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының бас директоры Цюй Дунъюйге Алматының әйгілі апортын таныстырды. Қазақстан отандық жемістің бұл түрін әлем нарығына шығаруға ниетті. Айта кетейік, Қазақстан Президентінің FAO басшысымен кездесуі ұйымның Римдегі штаб-пәтеріне өтті. Цюй Дунъюй жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету ісінде еліміздің әлемде елеулі рөл атқаратынын атап өтті. Өз кезегінде Мемлекет басшысы еліміздің Ұйыммен арадағы ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады. Бұл негізінен тұқым шаруашылығын жетілдіру, ауыл шаруашылығына арналған жерлердің тозуына қарсы күрес, жасыл ауыл шаруашылығын ілгерілету, жер-су ресурстарын тиімді пайдалану бойынша БҰҰ-ның сараптамалық қолдау көрсетуіне қатысты.  Сонымен қатар Қасым- Жомарт Тоқаев Халықаралық Аралды құтқару қоры және Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының төрағасы ретінде еліміздің басымдықтары туралы айтты. Ұйымды Арал бассейніндегі жерлердің топырағын мелиорациялауға және су ресурстарын басқаруға қатысты жобаларды әзірлеу ісінде қолдау көрсетуге шақырды.

Мемлекет басшысы БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының Атқарушы директоры Синди Маккейнмен де кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және гуманитарлық көмек көрсету бойынша жүзеге асырып жатқан шаралары жайында айтты. Осылайша, былтыр Қазақстан алты мемлекетке 9 млн доллардан астам сомаға демеу жасады. Президент Ауғанстандағы жағдайға баса назар аударды. Оның пікірінше, халықаралық қоғамдастықтың аталмыш елдегі гуманитарлық дағдарысты тоқтату ісін жалғастыруы өте маңызды.