Қазақстан геологиялық барлау саласына шетелдік инвесторларды тартуға ниетті

Қазақстан геологиялық барлау саласына шетелдік инвесторларды тартуға ниетті

Қазақстан геологиялық барлау саласын жаңғыртуға ниетті. Бұл бағытты жаңа деңгейде дамыту үшін шетелдік және отандық инвесторларды тартуға қарқын қосу көзделіп отыр. Белсене кіріскен шаралардың нәтижесінде қазыналы жер қойнауынан жаңа мұнай көздері мен сирек кездесетін металл қорларын табу межеленген. Ел президенті қыркүйек айындағы халыққа арналған жолдауында соңғысына қатысты «Жаңа мұнай» деп топшалаған болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа кеніштерді зерттеп, игеруге қатысты Үкіметке бірқатар ауқымды тапсырма берді. Соған сәйкес,  2026-шы  жылға дейін геологиялық тұрғыдан барланған жер көлемін 2 млн 200 мың шаршы метрге дейін ұлғайту керек. Бұл үшін нақты қандай қадамдар жасау қажет? Болашақ инвесторлар үшін қандай кепілдемелер беріледі? Саланы өркендетуге қатысты осы және өзгеде сұрақтар  елордада өткен дөңгелек үстел аясында қаралды. Оған Парламент мүшелері, кәсіпкерлер палатасы мен инвесторлар қатысты. Кездесу қатысушыларының пікірінше, жер қойнауын көмірқышқыл шикізатына бөлек барлаған жөн. Бұл үшін біраз қаражат керек. Дегенмен, инвесторлардың құқығын қорғау жөнінде ұмытпаған абзал десті. Сарапшылардың айтуынша, өз капиталын құюға ниетті азаматтарға  пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге бірінші кезекте рұқсат берілуі тиіс. Көпшіліктің пікірі бұл шара еліміздегі геологиялық барлауға инвесторлардың қызығушылығын арттырады дегенге саяды.  

Әнуар Боранбаев, ҚР Пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясының тәуелсіз сарапшысы:

-Бізде осы күні 88 мың тоннаға жуық қор бар. Жалпы, сирек металл қатарындағы қазба байлықтарының 17 түрі бар. Оның үшеуі қазірдің өзінде кен орнын пайдаланушылардың құзырында. Экспортқа бейінделген металл түрлері 14. Ол қатарда бүгінгі таңда барланып, тіпті өндіріліп  жатқан кен орындарындағы мұнай, уран, газ, темір, бокситтер, алюмений мен өзге де кеніштер бар. Бюджеттің негізгі көздері – мұнай-газ бен тау-кен секторлары. Әрі қарай қай бағытта жылжитынымыз тек барлау аяқталған кезде белгілі болады. Ол дегеніміз, бірінші кен орны анықталып, барланады. Тек содан кейін барып қана табиғи қазба байлық коммерцияландырылады.