Елордада стартап жобалар сайысы өтті

Астанада «Nuris Hardware Challenhe» стартап-жобалар байқауының соңғы кезеңі өтті. Бұл сайыстың мақсаты – биология және химия, медицина бағыттарындағы инновациялық жобаларды ұсыну және оларға болашақта қолдау көрсету. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ауқымы кеңейіп келеді. Алдағы уақытта оны АҚШ, Сингапур және Оңтүстік Корея үлгісіне дейін жеткізу көзделуде. Ол дегеніміз, жас ғалымдардың өнертабысы мен оны бизнеске айналдырудың жылдамдығы мен тиімділігіне қол жеткізу.


Әнуар Аманжолов, Назарбаев университеті NURIS Hardware Challenge инновациялық кластерінің директоры:

Біздің ұстанымымыз – жағдай жасау, осы платформаны құру және ауқымын кеңейту. Себебі, мұндай шараларды неғұрлым көп өткізу өте маңызды. Келесі Кулибин қай жерден шығарын ешкім білмейді. Ол өңірлердегі бір университетте, тіпті, шалғайдағы ауылда да болуы мүмкін. Шалғайдағы жастар бұндай тұғырнаманың бар екенін білмесе, сол күйі мүмкіндіктерін жүзеге асыра алмай қалады. Сондықтан, біз осы шараның да ауқымын кеңейтіп жатырмыз.

Қатысушылардың стартап-жобалары әралуан. Мәселен, Астана Медициналық Университетінің студенттері әлемде баламасы жоқ органайзер ұсынды. Олар ота жасауға арналған барлық құрал-жабдықтарды бір жерде сақтау амалын ойлап тапқан. Айтуларынша, ота кезінде әр секунд маңызды болғандықтан, бұл аса бағалы уақытты үнемдеуге сеп болады. Өнертабыс иелері бірегей жобаны нарыққа шығарып, экспорттауды да жоспарлап отыр.

Мерейлім Гайсина, қатысушы:

Ангиохирургия жағында оған дейінгі бір мәселе – хирургтер өздерінің ота жасауы кезіндегі құралдарды жалғамалар деп атайды. Коннектор, стенд деген атаулармен білесіздер. Оларды бір жинайтындай құрал жоқ. Сондықтан, біздің шешіміміз – органайзер. Ол осы проводниктерді жинайды және эргономикалық дизайнының арқасында бірнеше сымды жинауға қолайлы болып келеді.  

Бұл конкурста тек жоғары оқу орындарының студенттері ғана болған жоқ. Мектеп оқушыларынан құралған командалар да өз өнертабыстарын паш етті. Мәселен, Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары бастауыш және 6 сыныпқа дейінгі оқушылар үшін микроскоп жасап шығарған.

Әліби Темірбек, қатысушы:

Бұл біздің бұйымымыз ғылымның кең таралуына, әсіресе, балаларды ғылымға баулуға көмектеседі деп отырмыз. Осылайша, балалар кішкене кезінен ғылыммен айналысса екен дейміз. Жалпы, осы бұйымды жасауға 100 доллардай ақшамыз кетті. Алайда, мектептерге біз бұны 10 доллардан сатпақ ниеттеміз. Ал, ауыл мектептеріне 50 процент бағасын да түсіреміз.

Алдағы уақытта демеушілер өздеріне ұтымды деп санаған стартаптарына қаржылай көмек көрсетеді.