Қазақстанның көші-қонда оң динамика тіркелді

Қазақстанның көші-қонда оң динамика тіркелді

Былтыр сыртқы көші-қонда оң динамика тіркелді. Қазақстаннан 15 мың адам шықса, өзге елдерден 23 мың азамат қоныс аударған. Бұл реттегі өсім негізінен Қытай мен ТМД елдеріне тиесілі. Басым көпшілігі – этникалық қазақтар. Тарихи Отанына оралғандардың қатары да 2022 жылмен салыстырса біршама артқаны байқалады. Бұл тың үрдіске өткен жылдан іске қосылған «eQonaq» мобильді қосымшасы арқылы «қандас» мәртебесін алуға өтініш беру қызметінің септігі тиді. «Бір терезе» қағидатына негізделген автоматтандырылған ақпараттық жүйеге 42 елшілік пен консулдық мекеме қосылған. Бұған өз елдерінде кәсібін табысты дөңгелеткен қандастарға Қазақстанда тұруға және бизнес жүргізуге құқық беретін «Ата жолы» картасының да үлесі бар.

Асқарбек Ертаев,  ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы:

- Осы картаны алуға үміткерлердің географиясы кеңейіп келеді. Бүгінгі таңда Ресей Федерациясы, Моңғолия сияқты таяу шет елдермен қатар «Ата жолы» картасын алуға Америка Құрама Штаты  Еуропалық Одақ елдерінің этникалық қазақтары да қызығушылық танытуда. Бүгінгі күні «Ата жолы» картасы 44 этникалық қазақтардың отбасына  берілді. Оның ішінде  сұранысқа ие мамандықтары бар 24 адам және  20 кәсіпкер.

Қазақстан  еңбек көші-қоны саласында 8 елмен келісім жасайды

Қазақстан шетелдегі өз азаматтарының құқықтарын қорғауға да ден қояды. Бұл да еліміздің 7 бағытты қамтитын 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясаты тұжырымдамасында көзделген басымдықтардың бірі. Мәселен, қазір  ел азаматтары Оңтүстік Кореяда үш жылға дейін заңды түрде жұмыс істей алады. Қазақстанда бұл мақсатта үміткерлерге кәріс тілін үйрету, тестілеу мен біліктілігін арттыратын оқыту орталығы құрылуда. Жалпы еліміз еңбек көші-қоны саласында 10 мемлекетпен келісім орнатқан. Бұған қоса осы бағытта жаңа 8 үкіметаралық келісім әзірленген.