Сот жүйесі реформаланды

Сот жүйесі реформаланды

Бүгін судьялар мен сот қызметкерлерінің күні. Соңғы бес жылда бұл сала біраз реформаны бастан кешті. Конституциялық кеңес жойылып, Конституциялық сот қайта құрылды. Былтырдың өзінде оған 5 мыңнан астам адам жүгінген. Сондай-ақ, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс қайта жазылып, 21 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сот құрылды. 2023 жылдан бері алқабилердің қатысуымен өтетін аса ауыр қылмыстық істердің құрамы көбейіп, 14-тен 44-ке жетті. Биыл 4 айдың өзінде осындай тәртіппен 70 іс қаралған.

Сот процесіне цифрлық шешімдер батыл қолданыла бастады. «Бишімбаевтың соты» соған дәлел. Жоғарғы соттың You-Tube арнасынан оны әлемнің әр түкпірінен жүз мыңдаған адам көріп отырды. Бұл бір жағынан азаматтардың сот жүйесіне сенімін қайтарса, екінші жағынан халықтың құқықтық сауатын арттыруға септігін тигізді. Өткен аптада Парламенттің қос палатасы сот жүйесін реформалауға арналған Конституциялық заңды екінші оқылымда қарап, қабылдады. Соған орай, қылмыстық, азаматтық, әкімшілік соттардың шығарған шешімдеріне төрелік айтатын кассациялық соттар құрылады.