Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды

Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды

Қазақстанда жыл соңына дейін 556 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұған қоса алдағы екі жылда әкімдер гранттарының есебінен бейінді мамандық бойынша 500 жуық дәрігер және 300 астам орта медицина қызметкері елді мекендерге жіберілетін болады.

Үкімет отырысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру барысы туралы Денсаулық сақтау министрі баяндады. Ақмарал Әлназарованың дерегінше, 32 көпбейінді аудандық орталық аурухананы материалдық-техникалық жарақтандыруға 33,5 млрд теңге бөлу көзделуде. Бұл қаржыға сондай-ақ 9 бірлік ангиограф, 17 МРТ және 6 КТ аппараттарын сатып алу жоспарланған.

Олжас Бектенов ұлттық жоба үшін жиһаз және құрылыс материалдарын жеткізуге отандық өндірушілерді тарту қажеттігіне назар аударды. Атап айтқанда, «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес ұйымдары отандық тауарлар мен қызметтерді кеңінен сатып алып, өзіміздің қазақстандық тауар өндірушілерге қолдау көрсетуге тиіс. Үкімет басшысы бұл ретте бейінді қызметтерге бірқатар тапсырма берді.  

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Облыс әкімдіктері Өнеркәсіп және құрылыс министрлігімен бірге 1 сәуірге дейін жобаларға ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді аяқтасын. Денсаулық сақтау, Қаржы министрліктері мен әкімдіктер жобаларды қаржыландыру мәселесін жедел шешуі тиіс. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктер биылғы жылы барлық объектілердің құрылысы мен оларды пайдалануға беруді нақты мерзімінде аяқтауы қажет. Жұмыстар баяу жүріп жатқандықтан, бұл мәселені жартыжылдықтың қорытындысы бойынша қайта қараймыз.