Былтыр 714 мың азамат тұрақты жұмыспен қамтылды
Былтыр 714 мың қазақстандық тұрақты жұмыспен қамтылды. Бірақ кадр тапшылығы күн тәртібінен түспей тұр. 2031 жылға қарай еңбек нарығындағы дефицит 1,6 миллион адамға жетуі мүмкін. Сондықтан мемлекет кадр даярлау және жұмыспен қамту ісін мықтап қолға алған. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов айтты.
Алтынбек Әмит, Тілші:
- Алдағы 5-6 жылда елімізде құрылысшы, агроном, инженер мен дәрігерлерге сұраныс артады. Сарапшылардың пікірінше кәсіптік-техникалық білім алған 900 мың адамға жұмыс бар. Ал, қарапайым қызметкерлер үшін 400 мыңнан астам орын ашылмақ.
Асқар Биахметов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
- Жұмыссыз азаматтарды 6 айдан аспайтын кәсіптік оқыту ұйымдастырылады. Осы орайда биыл 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады. Одан бөлек біліктілікті бағалайтын 4 тәуелсіз орталық жұмыс істейді, 5-інші орталықты ашу жоспарланып отыр, оның ішінде халықаралық стандарттар бойынша 2 орталық болмақ.
Өткен жылы 1 миллионға жуық адам тұрақты жұмыс тапты. Оның 58 мыңнан астамы Skills.Enbek.kz порталында онлайн курстан өтіп, табысқа шығып отыр. Биыл үкімет алдында 903 мың адамды жұмысқа орналастыру міндеті тұр. Жоспар дәл осы онлайн оқытулар арқылы жүзеге асуы мүмкін. Бірақ, сарапшылар бір-екі жылда жасанды интеллект мамандар санын 13 пайызға қысқартады деген еді. Министрлік мұндай ақпаратты жоққа шығарды. Керісінше жаңа дағдыларды көбейтеді деп отыр.
Азиз Ибрагимов, ҚР ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры:
- Өнеркәсіп пен денсаулық сақтау саласында автоматтандыру деңгейі 40 пайызға дейін жетіп отыр. Бірақ бұл жұмыс күші жеткіліксіздігін толық жауып тұрған жоқ.
Жалпы, елімізде 2008 жылдан бастап жұмыспен қамтудың 5 бағдарламасы қабылданды. Яғни әр екі жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырған. Бірақ, нақты нәтижені көре бермейміз. Өйткені жаңа жүйелі шаралар аз, сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру, оқыту мен қайта оқыту, шағын несие беру және басқалары. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмыстарға тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмай отыр. Сондықтан биыл жұмыспен қамту толық цифрландырылмақ. Яғни, «тізесі шыққан» шаралар түелдей тоқтап, бір ғана база жұмыс істейді. Сол арқылы жұмыс беруші де, жұмыс ісздеуші де керегін таба алады.

