Astana Hub «Seed money» бағдарламасын бастады

Astana Hub «Seed money» бағдарламасының кезекті легін іске қосты. Халықаралық технопаркте оған қатысу үшін  өтінім қабылдау басталды. Оның аясында 20 млн теңгеге дейін қаржыландыру алуға болады. Ақша жаңа жоба бастауға немесе жеке кәсібінің өндірісін кеңейтуді көздейтін стартапшыларға беріледі.  Басты талап – топ құрамында жетекшімен бірге кемінде 3 адам болуы тиіс. Сондай-ақ, үміткер Astana Hub резиденті әрі заңды тұлға болуы керек. Оған себеп, қаржыландыруға өтініш беруге, әріптестермен, тұтынушылармен және инвесторлармен байланыс орнатуға заңды тұлға мәртебесі болуы шарт. Одан бөлек, стартап – MVP, PMF, SCALE даму кезеңдеріне сәйкестендірілуі керек. Технопарк мәліметіне сүйенсек, стартап 7 бағытта қаржыландыруға үміткер бола алады. Олар: жасанды интеллект, ғарыш технологиялары, блокчейн, қорғаныс өнеркәсібі, Hardware, SmartCity және Геймдев.

 

Анарбек Өтеғұлов, Astana Hub қаржыландыру бағдарламалары офисінің директоры:

– Бұл бағдарлама алғаш 2021 жылы басталған. Қазір, міне, 4 жыл жүріп жатыр, яғни, 4 лек қаржыландырылды. Үшінші лек осы қаңтарда ғана қаржы алды. Алдыңғы лектер туралы аз-кем айтар болсам, қаржыландыру алған компаниялардың орташа есеппен 67% тұрақты сатылым динамикасына шықты деуге болады. Қазір astanahub.com порталында өтініш қабылдау жүргізіліп жатыр. Бұл өтінімдер электронды форматта жіберілетінін атап өткен жөн. Қабылдау 5 наурызға дейін жүргізіледі.