Бюджетке 135 млрд теңге қайтарылды
Аудиторлық палатаның тексерісінен кейін былтыр бюджетке 135 млрд теңге қайтқан. Бүгін Жоғары аудиторлық палата төрағасы президентке осылай деп есеп берді. Әлихан Смайыловтың сөзінше, 11 трлн теңгенің қайда кеткенін анықтау үшін 214 нысан тексерілген. Әсіресе құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығын субсидиялау саласында олқылықтар жиі байқалған. Ал, биыл аудиторлар Астана мен Алматы, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Жамбыл облыстарын тексереді. Сондай-ақ, «Самұрық-Қазына» қоры, «Қазатомөнеркәсіп» пен KEGOC кәсіпорындары, Ұлттық банк, Төтенше жағдайлар министрлігінде бюджеттің жұмсалуына талдау жасайды.

