2023 жылы Қазақстандық IT-қызметтер әлемнің 85 еліне экспортталды

Astana Hub қатысушылары 2023 жылы жалпы құны 252 млн доллардан астам IT-қызметтерді әлемнің 85 еліне экспорттады. Бұл ретте бір жылдық өсім 84% құрады. Бұл жобалардың елге тартқан инвестициялары 57 млрд теңгеден асты. Ал, компаниялардың жалпы кірісі АҚШ валютасында 400 млрд үстінде болды. Бұл технологиялық технопарк қызметінің былтырғы жұмыс қорытындысы.

 

Ольга Измаилова, Astana Hub маркетинг кеңсесінің директоры:

-Жалпы стартаптардың экспорттық әлеуеті акселерациялық бағдарламалардың, соның ішінде Google for Startups және Draper Startup House сияқты әлемдік көшбасшылармен сәтті ынтымақтастықтың, сондай-ақ Кремний алқабында Орталық Еуразия ІТ-стартаптар платформасы Silkroad Innovation Hub іске қосылуының арқасында айтарлықтай артты. Қазақстанның 14 өңірінде IT-хабтар ашылды, биыл тағы 7 аймақтық өкілдік ашу жоспарда бар. Astanahub.com цифрлық платформасы негізінде еліміздің инновациялық экожүйесінің барлық қатысушылары үшін бірыңғай терезе негізінде «Ұлттық инновациялық жүйе» пилоттық жобасы іске қосылды.

 

Технопарк Мемлекет басшысы жүктеген тапсырмаларды орындау барысына үлкен көңіл бөледі. Алда 2026-шы жылға қарай қазақстандық IT-экспорттың көлемін 1 млрд долларға дейін жеткізу мақсаты тұр. Осы аралықта салаға 100 мың білікті маман даярлау қажет. Осының қамында Astana Hub қабырғасында белсенді түрде  бірқатар жаңа оқу бағдарламалары құрылып, әлемнің жетекші технологиялық орталықтарымен әріптестік орнаған.     

 

Ольга Измаилова, Astana Hub маркетинг кеңсесінің директоры:

-Tech Orda бағдарламасы аясында 3183 қазақстандық жетекші IT-мектептерде оқуға грант алды. Swift әзірлеуді үйрету үшін Astana Hub базасында Apple Training Center ашу туралы келісімге қол қойылды. Технопаркте 2 мыңнан астам оқушылар мен студенттер қарқынды білім беру курстарынан өтті. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен іске қосылған жаңа IT-Aiel бағдарламасының арқасында 2 мың жұмыссыз нәзік жанды тегін оқу мүмкіндігіне ие болды.

 

Айта кетейік, бүгінгі таңда Astana Hub-та 1388 IT-компания тіркелген. Оның ішінде 389 шетелдіктердің қатысуымен құрылған.  Оларға бизнесті дамыту және кеңейту бағдарламалары мен арнайы салықтық жеңілдіктер сынды түрлі қолдау шаралары көрсетіледі.