Көлікке жалған нөмір таққандарға жаза күшейеді

Көлікке жалған нөмір таққандарға жаза күшейеді

Енді көлікке жалған мемлекеттік нөмір таққандар қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Бұл мәселені бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар көтерді. Олардың айтуынша, заң бойынша қазір жалған нөмірді қолдан жасау мен сату ғана қылмыс болып саналады. Ал оны көлікке таққандар айыппұлмен құтылып жүр. Депутаттардың айтуынша, бұл жаза жеткіліксіз. Себебі соңғы уақытта жол-көлік оқиғаларынан кейін жауапкершіліктен жалтару үшін осындай қадамға баратындар көбейіп кеткен. Ішкі істер вице-министрі Санжар Әділов бұл мәселенің өзекті екенін мойындады. Тіпті жасанды нөмірлерді көбіне қылмыстық топтар пайдаланатынын да ашып айтты. Сондықтан министрлік жалған нөмірді тек жасау ғана емес, оны пайдаланғаны үшін де қылмыстық жауапкершілік енгізуге дайын. Айта кетейік, қазіргі заң бойынша нөмірсіз жүрген немесе жалған нөмір таққандарға 21 мың теңге мен 86 мың теңге аралығында айыппұл салынады.  Кей жағдайда ғана 5 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін.