Этносаралық келісім: медиаторлар тәжірибе алмасты
Елордада этносаралық қатынастарды реттеуге арналған семинар-тренинг басталды. Шараға құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметкерлер, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар 2 күн бойы этномедиацияның өзекті мәселелері мен әлеуметтік шиеленісті болдырмау жолдарын үйренеді.
Бүгінде елімізде 2 мыңға жуық қоғамдық, 100-ден астам кәсіби медиатор бар. Алайда олар негізінен отбасылық, тұрмыстық дау-жанжал кезінде жұмыс жүргізеді. Сондықтан этникалық келіспеушілік кезінде екі тарапты ымыраға келтіре алатын медиативтік технологияны терең меңгерген мамандарға сұраныс жоғары. Семинардың негізгі мақсаты да медиацияның дәл осы бағытын кеңінен түсіндіру болды.
Сымбат Шакиров, Кәсіби медиатор:
- Әрбір ұлттың, ол түгілі әрбір адамның өз ерекшеліктері бар. Қай отбасыдан, қай жерден шықты, қай жерде тәрбиеленді? Соның барлығын этномедиация ескере отырып, келіссөздер жүргізуге назар аударады.
Семинарды Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Қоғамдық келісім» мекемесінің Жобаларды іске асыру жөніндегі басқармасының бас сарапшысы Талшын Италиева ашып берді. Әрі қарай, жиын барысында кәсіби медиаторлар этносаралық шиеленістердің алдын алу жолдарын нақты мысалдар арқылы көрсетті. Әрі қатысушылар белгілі кейстермен жұмыс істеп, тәжірибе алмасты.
Күлпаш Шалбулова, Халықаралық медиатор:
- Мен медиацияны біздің баяғы «7 Жарғыға» келтірем. Баяғыда біздің билер болды ғой. Көп кезде «7 Жарғыны» пайдаланып, біздің билердің істеген іс-әрекеттерін оқып, зерттеп мен медиацияда қолданамын.
Айта кету керек, 2 күнге жалғасатын семинарда этномедиацияның кіріспесінен бастап, халықаралық тәжірибе де қаралады. Жалпы 10 сағатқа жоспарланған дәріске 50-ге жуық маман қатысуда.

