Локомотив құрастыру зауытының капсуласы салынды
Атбасар қаласында локомотив құрастыру зауыты салынады. Кәсіпорын құрылысын бастауға арналған капсула салу рәсімі өтті. Зауыт машина жасау саласының және жалпы өңірдің дамуына серпін бермек.
Зауыттың құрылысы келесі жылы басталып, 2026 жылы аяқталады. Ал алғашқы локомотивті 2027-інші жылы шығару жоспарланып отыр. Зауыт құрылысы өңір үшін маңызды жоба. Себебі жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың экономикалық дамуына серпін береді.
Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:
– Тұсаукесер рәсіміне келіп отырмыз. Бұл дегеніміз – келесі жылдан басталып, 26-ыншы жылы бітіп толық. Жаңа локотомив шығаратын зауытын ашпақшымыз. Бұл жерде ең басында 47 млрд қаражат құйылады. 800 жұмыс орны болады. Өсе келе 1300-ге дейін жетеді.
Атбасар локомотив құрастыру зауыты магистральдық электровоздардың 100 секциясын, магистральдық тепловоздардың 200 және маневрлік тепловоздардың 60 секциясын шығармақ. Бөлшектер Ресей мен Қытайдан жеткізіледі.
Жанатбек Адамбаев, зауыт директоры:
– Кәсіпорын Атбасар электровоз жөндеу зауыты жанынан салынады. Онда білікті, өндіріске қажетті мамандар бар. Қаланың да әлеуеті үлкен. Отандық өнімдерді де қолданамыз. Бастапқы кезеңде сымдар жергілікті өнім болады. Локомотивке шамамен 20 шақырым сым қажет. Зауыттың жұмысы – локомотивты дайындау, ірі бөлшектерді жинау, бояу, сынақтан өткізу және тапсырыс берушіге жеткізу.
Атбасар ауданының өзге де елдімекендерінде инвестициялық жобалар жүзеге асып жатыр. Шуйское ауылында көкөніс сақтау қоймасы жұмысын бастады. Ал Покровка ауылында сұлы қауызын шығаратын фабрика жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын келесі жылы жаңа желіні іске қосып, қуаттылығын арттырмақ.

