Қоғамдық коалиция жұмысы қорытындыланды
Астанада конституциялық референдумды қолдаған қоғамдық коалиция жұмысының қорытынды кеші өтті. Бірнеше ай бойы саяси партиялар мен белсенді топ өкілдері өңірлерді аралап, азаматтарға негізгі заңға енгізілетін өзгерістерді түсіндірді. Бүгін сол кезеңдегі жұмыс сараланып, қоғаммен өткен ашық диалогтың нәтижесі талқыланды. Коалиция құрамына түрлі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдері кірді. Олар референдум қарсаңында елдің әр өңірінде кездесулер өткізіп, жаңа конституциялық өзгерістердің мазмұнын түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай алаң халықпен ашық пікір алмасуға мүмкіндік берген.
Қанат Естек, Қалалық мәслихат депутаты:
- Қоғамдық талқылаулар референдумның ашық әрі мазмұнды өткенін көрсетті. Ең бастысы – халықтың өз болашағына қатысты шешім қабылдауға белсенді қатысуы.
Референдум күні жарияланған exit poll нәтижесіне сәйкес, дауыс беруге қатысқан азаматтардың басым бөлігі конституциялық өзгерістерді қолдаған. Коалиция мүшелері бұл нәтижені қоғамдағы реформаларға деген сұраныстың белгісі деп бағалап отыр.
Жамаладен Ибрагимов, Заң ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының профессоры:
- Референдум – азаматтардың саяси үдерістерге қатысуының маңызды тетігі. Бұл жолы да қоғам белсенділік танытты.
Қорытынды кеште коалиция мүшелері референдум кезеңінде белсенді жұмыс атқарған еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдеріне алғыс білдірді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай ашық диалог алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін.

