Қазақстан мен Түркменстан Астана мен Ашхабадта мәдениет күндерін өткізеді

Ұлттық қолжазба мен сирек кітаптар орталығының қоры Түркмен халқының әдебиеті мен мәдениетінің жарқын өкілі – Мақтымқұлы Фрагидің өлеңдер жинағының қазақ тіліндегі аударма кітабымен толықты. Жинақты отандық ақын – Дүйсенбек Қанатбаев аударған. Осыған орай, Астанада ақын, ойшыл Мақтымқұлының 300 жылдығына арналған шығармашылық кеш өтті. Бұл мерейтойды ЮНЕСКО 2024-2025 жылдардағы атаулы даталар қатарына кіргізгенін атап өткен жөн. Оған елордалық зиялы қауым өкілдері, студенттер Орта Азия, Әзірбайжан және Испанияның дипломатиялық өкілдік басшылары қатысты. Түркменстан елшісі – Батыр Реджеповтың айтуынша, Мақтымқұлы мерейтойы БҰҰ білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі бөлімінің бастамасымен аталып өтуде. Мәселен, жақында Астанада Түркменстанның Қазақстандағы мәдениет күндері аясында ақынның ескерткіші ашылады деп күтілуде. Өз кезегінде, қазан айында еліміздің Түркменстандағы мәдениет күндері өткізіледі. Оның аясында Ашхабатда Абай Құнанбайұлына ескерткіш қойылады. Сондай-ақ, Түркменстан астанасында шығармашылық көрме, Қазақ киносының күндері мен отандық әншілердің және шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерттік бағдарлама ұсыну жоспарлануда.

 

Батыр Реджепов, Түркменстанның Қазақстандағы елшісі:

-Ірі шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін тиісті жұмысты бастап жатырмыз. Оған барлық елдердің мәдениет министрлері шақырылады. Бұл да Мақтымқұлының 300 жылдығына орайластырылады. Жоғары деңгейлі шаралар көп болады деп жоспарлап отырмыз. Түркменстан мен Қазақстан бауырлас ел болғандықтан, ұқсас тұстарымыз өте көп. Біздердің Мақтымқұлы мен Абай секілді әлемге әйгілі ақындарымыз бар.

 

Амантай Шәріп, Гумилев атындағы ЕҰУ Түркология кафедрасының профессоры:

-Қазақ-Түркмен мәдени байланысының тарихы терең әрі бай. Бұл ретте Мақтымқұлы Фрагидың алар орны ерекше. Мақтымқұлы шығармашылығы кейінгі буындағы қазақ, қарақалпақ және өзбек ақындарына жол сілтеді. Ол Бұқарада, Хиуада танымал, Шерғазы мен Күкелдаш медреселерінде білім алды. Бұл ордаларда сол кездің танымал, белді ақындар мен өзге де шығармашылық өкілдері білім нәрімен сусындаған. Оның ықпалы соншалық, кейбір адамдар Махмұтқұлиды қазақ ақыны деп те жорамалдап жүрді.