4 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған

4 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылған

2023 жыл Қазақстан үшін шетелдік капитал тартуда өте табысты болды. Тек бірінші жарты жыл ішінде ел экономикасына 4 млрд доллар тікелей шетелдік инвестиция салынған. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырар болсақ,  көрсеткіш 86% өскен. Бұл ақпаратты «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясы жариялады. Еліміздегі инвестициялық белсенділіктің артқаны туралы өзге де көрсеткіштерге қарап, байқауға болады. Былтыр қаңтар-маусым айларында шетелдік капитал көмегімен жалпы құны миллиард доллар болатын 47 жоба іске қосылған. Олардың басым көпшілігі қайта өңдеу өнеркәсібіне тиесілі екенін атап өткен жөн.

Жандос Темірғали, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

-Бұл жерде, бірінші кезекте, Қазақстанмен тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан мемлекеттерді атап өту керек. Олар: Америка Құрама Штаттары, Қытай халық Республикасы және Еуропа, оның ішінде Еуропалық Одақ елдері. Сонымен қатар, біздің дәстүрлі серіктестеріміз – Түркия секілді елдерді де ұмытпаған жөн. Ерекше атап өтер жайт, тікелей шетелдік инвестициялар ішінде қайта өңдеу өнеркәсібінің үлесі артып, 60% жетті. Президенттің қайта өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі тапсырмасын ескерер болсақ, бұл өте маңызды.

Іскерлік белсенділікті арттыруға шетелдік инвесторлармен бірлесе бизнес-форумдар мен кездесулер өткізудің септігі көп тиеді. Былтыр ондай шаралардың саны 20 асқан. Оның ішінде 8-не Қазақстан Президенті, ал 3-не Үкімет басшысы қатысқан.

Жандос Темірғали, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясының Басқарма төрағасының міндетін атқарушы:

-Елге инвестиция тарту мақсатындағы шаралар Қазақстанда да, шетелде де жүргізілді. Тиісті құжаттарға қол қойылып, жаңа жобалар бойынша инвестициялық келісімдер жасалды. Бұл дегеніміз алдағы жылдарғы атқарылар жұмыстар үшін жоспар десек те болады. Біздің Мысырмен әріптестігіміз нығайып келеді. Агроөнеркәсіптік кешенде, фармацевтика салаларында әлеуеті зор жаңа жобалар жүргізуге уағдаластық. Олар қазір жоспарлану үстінде.

Сарапшылардың пікірінше, қайта өңдеу өнеркәсібінен бөлек, шетелдік инвесторлар ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, туризм және металл өңдеу салаларына ерекше қызығушылық танытуда.