Мәжіліс көші-қон заңын қабылдады

Мәжіліс көші-қон заңын қабылдады

Бала зорлығына қатысты сотталған, экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктерге Қазақстанға кіруге тыйым салынады. Ел мәжілісінің депутаттары көші-қон заңнамасын жетілдіру қамында енгізілген осы және өзгеде өзгерістерді қабылдады. Сондай-ақ, заңның жаңа нормалары төтенше жағдайлар кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттарды қолдану тәртібін  реттеуге бағытталған. Егерде, шетелдік азаматтардың төл құжаттарын ұзартуға  немесе  ауыстыруға мүмкіндігі болмаған жағдайда ғана, олар жарамды деп танылады.

 

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

- Егерде күтпеген оқыс жағдайлардың орын алуына байланысты Қазақстан аумағынан шыға алмаған шетелдіктердің біздің елімізде болу мерзімі автоматты түрде ұзартылады. Ондай жағдайда ешбір салдары болмайды. Алайда  құжаттарының мерзімі өткенен кейін ғана қандайда бір төтенше жағдайға тап болса, онда бұған дейін мүмкіндігі бола тұра тіркеуден өтпеген, яғни жарамдылық мерзімі ұзартылмаған жағдайда бұл норма оларға қолданылмайды.

Сондай-ақ депутаттар заңға түзетулерді енгізу барысында бірқатар тұлғаларға Қазақстан азаматтығын алу тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа нормалар әзірлеген. Кеңейтілген санатта қандастардың жесірлері мен отбасы мүшелері бар. Сонымен қатар этникалық қазақтарға «Қандас» мәртебесін беру үрдісі біршама жеңілдей түседі. Халық қалаулыларының бастамасымен жүзеге асқан құжатта көшіп-қонушыларға ауыл шаруашылығымен айналысу үшін жалға жер беру жағы қарастырылған. Елдің оңтүстігінен солтүстік өңірлеріне қоныс аударғандардың жалдамалы тұрғын үй мен коммуналдық шығындары өтеледі.

 

Магеррам Магеррамов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Депутаты:

- Біз бұл мақсатта 6 аймақты анықтадық. Бұл өңірлерде оларға ешбір байқаусыз ауыл шаруашылығымен айналысуға қажетті жерлер 5 жылға жер беріледі. Бұл ретте жер көлемі ең аз мөлшерден аспауы керек. Әр өңірдің минималды жер телімінің көлемі әр түрлі. Мұндай аймақтарда 5 жылдан астам тұрып, өз міндеттерін тиісінше орындаған қоныс аударушылардың жаңа мерзімге шарт жасасуға басқаларға қарағанда басым құқығы болады.