Қобызшы Шахназе Ілиясова Ұлыбританияда өткен байқаудың жеңімпазы атанды
Қазақ халқының ең көне музыкалық аспабы – қобыздың
ерекше әуені Golden Time Talent конкурсында шырқалды. Танымал сайыста аспаппен
керемет туындыларды қазақстандық Шахназе Ілиясова орындады. Халықаралық
онлайн-конкурсқа қатысу үшін бойжеткен бірден 3 туындыны ойнап, оны жіберген.
Олардың қатарында Арман Жайым оркестрімен бірге орындалған қобыз концерті,
Сергей Прокофьевтың «Монтекки и Капулетти» және Джоя Хисаишидің «One Summer's
Day» туындылары бар. Қазылар алқасы мен көрермендер Шахназенің өнеріне жоғары
баға беріп, нәтижесінде қарағандылық дарынды бойжеткен бірінші орын иеленді. Әділқазылар
отандасымыздың авторлық туындыларын тыңдап, өзін композиторлық қырынан да
таныту керектігін айтты. Айта кетейік, бұрымды біразға дейін бұл конкурсқа
қатысу үшін өтініш жіберуге батылы жетпей келгенін де жасырмады.
Шахназе Ілиясова, Golden Time Talent халықаралық онлайн
байқауының жеңімпазы:
– Мен Golden
Time Talent байқауына үш бейнежазба жібердім. Сол кезде олар әлеуметтік
желідегі парақшама жазылды. Менің Instagram парақшамдағы туындыларымды тыңдап,
сазгерлік қабілетім бар екенін байқаған. Сондықтан композиторлыққа да қатысты
дарынымды сынап көруге болатнын айтты.
Алайда мен бұл ұсыныстан бас тарттым.
Себебі мен үшін ең бастысы қобыздың техникасын үйрену. Өйткені скрипкаға
ұқсас аспап. Өзім «ішекті аспаптар» аталымында сыналдым. Маған, скрипкашы
ретінде баға берілді.
Бұл Шахназенің бірінші байқауы емес. Бұрымды бұған
дейін түрлі республикалық және
халықаралық байқауларға қатысқан. Алдағы уақытта ол тағы өзге де байқауларға
қатысып, әлемдік жұртшылықтың мойындауына ие болуды армандайды. Ал Golden Time
Talent жеңісі арманды жүзеге асыруға серпін береді. Жазда Шахназе Қазақстанды
Ұлыбританиядағы аттас фестивальде таныстырады.
Шахназе Ілиясова, Golden Time Talent халықаралық онлайн
байқауының жеңімпазы:
– Мен Италия
мен Испаниядағы конкурстарға да қатысқым келеді. Себебі, мен сайыстардың
тәртібін біліп, зерттеп көрдім деуге болады. Ол жердегі қазылар алқасы да
әлемдік деңгейдегі майталмандар. Оның үстіне, ол елдерде менің түскім келетін
жоғары оқу орындары бар.

