Жылыту маусымына дайын болмаған әкім жауапқа тартылады
Күзге дейін жылу электр орталықтары дайындық паспортын ала
алмаса, оған өңір әкімі жауап береді. Үкімет басшысы Олжас Бектенов осылай деп,
қысқа қазірден қамдануды тапсырды. Стансаларды жөндеу жұмыстарын тамыз айының
соңына дейін аяқтауды жүктеді. Қазірдің өзінде бірқатар станция «қызыл»
аймақтан шықты. Дегенмен, мәселе толықтай шешімін тапты деуге әлі ерте. Кей
өңірлерде жұмыс қарқыны баяу.
Сүндет Оралбек, тілші:
- Елімізде 5 жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан
шығарылды. Ол Теміртау, Павлодар, Степногорск, Арқалық, Петропавл қалаларына
жылу мен жарық беріп отырған нысандар. Тағы 3 станция «сары» деңгейден қауіпсіз
санатқа өтті. Мұның бәрі ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесі.
Былтыр ел бойынша 10 энергоблок, 63 қазандық және 39
турбина күрделі жөндеуден өтті. Соның арқасында электр станцияларындағы тозығы
жеткен жабдықтардың үлесі 53 пайызға дейін төмендеді. Сонымен қатар, ескірген
электр желілері 66 пайызға, ал жылу желілері 50 пайызға қысқарған. Десе
де, «қызыл» аймақта әлі 5 нысан бар. Олар Семей, Ақтау, Орал, Қызылорда мен Тараз қалаларында.
Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, әрбір станса бойынша жұмыс жоспарлары бекітілген, жөндеу науқаны Энергетикалық қадағалау комитеті тарапынан апта сайын қадағаланып, қаржыландыру көлемі 40%-ға артқан. Қазіргі қарқын сақталған жағдайда жыл соңына дейін барлық нысан «қызыл аймақтан» шығарылады деп күтілуде.
Қыс келсе жылу станциялары сыр береді. Бұл жылда қайталанатын жағдай. Қақаған аязда бүрсең қақпау үшін министрлік қазірден қамданып жатыр. Биыл 9 энергоблокты, 55 қазандық пен 51 турбинаны жөндемекші. Бүгінде 29 нысанда жұмыс басталған. Бұдан бөлек, елдегі электр энергиясының үштен бірін өндіреін «Самұрық-Энерго» компаниясы да 111 бірлік жабдық пен 19 жарым шақырым жылу магистралін жөндемекші.
Қайрат Мақсұтов, «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы:
- Оның 19-ы – күрделі жөндеуден, 5-еуі – кеңейтілген
жөндеуден және 87-сі – ағымдағы жөндеуден өтеді. Қазіргі уақытта жөндеу
нысандарының: 26%-ы аяқталды, 14%-ы жөнделуде, қалған 60%-ы кестеге сәйкес
жүргізіледі.
Биыл елдің энергетикалық және коммуналдық инфрақұрылымын
жаңғыртуға 1 трлн теңге бөлінеді. Үкімет басшысы бұл қаражаттың әр тиыны тиімді
жұмсалуын қатаң бақылау керек деді. Мұндай талап бекер қойылып отырған жоқ.
Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде жұмыстың сағызша созылып кету қаупі бар. Сол
үшін Премьер-министр жөндеу жұмыстарын тамыз айының соңынан кешіктірмей
аяқтауды тапсырды. Күзге дейін дайындық
паспорттарын ала алмаған аймақ басшылары жауапқа тартылады.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
- Өңір әкімдіктері екі апта мерзімде барлық конкурстық
рәсімдерді өткізіп, жөндеу жұмыстарына нақты кірісуі қажет. Ешқандай басы артық
бюрократия болмауы керек. Жылумен қамтамасыз ету нысандарын жөндеу жұмыстарын
тамыз айының соңынан кешіктірмей аяқтау қажет. Өнеркәсіп және құрылыс
министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру және денсаулық
сақтау нысандарының толығымен дайын болуын қамтамасыз етсін.

