Астанада қауіпсіздік күшейтілді

Астанада қауіпсіздік күшейтілді

Тойдың болғанынан, боладысы қызық. Астаналықтар жарты әлем жиналатын саммитке қызу дайындалып жатыр. Әсіресе қаладағы қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауда. Кейбір көшелердегі қозғалысқа уақытша шектеу қойылды. Қалада қатынайтын 30 қоғамдық көліктердің бағыты өзгерді.

Қазақ қонағын Құдайдай сыйлаған. Елге кім келсе де, құшақ жая қарсы алады. Бұл дәстүр бізді саяси аренада да ерекшелеп тұрады. Ең бастысы қауіпсіздік. Әсіресе, жаһандық көшбасшы ел Президенттерінің қауіпсіздігі тіптен маңызды.

Шаһардың жан-жағы толған қарауыл. Бірақ, бұл қалаға кіріп-шығуға тыйым салынады деген сөз емес. Полицейлер де кім көрінгенді тексере бермейді. Тек күдік тудырғандарды ғана. Ал, арнайы делегация жүретін кейбір көшелердегі қозғалысқа уақытша шектеу қойылады. Ереже Тәуелсіздік даңғылы мен Нәжімеденов, Байтұрсынов және Аманжолов көшелеріне қатысты. Сондықтан, 15 бағыттағы қоғамдық көліктер осы аймақты айналып өтетін болды.