Мәжіліс мемлекеттік құпияларды қорғауды күшейтетін құжатты мақұлдады
Енді мемлекеттік құпияны білетін тұлғалар рұқсатсыз шетелге шықса жауапқа тартылады. Бүгін мәжіліс осыған қатысты құжатты мақұлдады. Заңға сәйкес, қандай да бір құпияны біле тұра шетел асқандарға салынатын айыппұл мөлшері екі есеге көбейеді. Ал, егер қызметкердің өрескел қылығы қайталанатын болса, жұмысынан айырылуы да мүмкін. Бұдан бөлек, заң жобасында экстремистік және террористік мазмұндағы әдебиеттерді сақтауға тыйым салуды бекіту ұсынылған.
Бұл норма бірінші кезекте
қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жасалып отыр. Яғни, қолданыстағы 3
кодекс пен 11 заңға түзету енгізілді. Осылайша, мемлекеттік құпияларды қорғауды
күшейтілмек.
Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Кейбір заңдарда нормаларды нақтылау
қажет етеді. Сондықтан бұл жаңа нормалар емес, біз бар заңға ұсыныстар мен
толықтырулар енгіздік.
Құжатқа сай, мемлекеттік күзет
қызметінің де әлеуеті кеңейеді. Бұдан былай сала мамандары қызмет барысында
ескертулерді елемеген тұлғаларға хаттама толтыру құқығына ие болады. Мәселен,
Конституциялық қорғауға жататын азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында
күзет қызметі алтын-ала маршрутты тексереді. Сол сәтте қандай да бір кедергілер
болса, оны жойып, жауаптыларға ескерту береді. Ал, оны елемегендерге жаза
қатаң.
Олжас Құспеков, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
- Егер, мысалы үшін сол азаматтар соны
орындамаса ар жағынан бұған жауапкершілік керек қой. Яғни, қауіпсіздік
қамтамасыз етілмеді деген сөз. Сондықтан бұл орындалмай қалған сәтте бұрын
полицияны шақырып, оған протокол толтырып, әрі қарай сотқа беріп жіберетін.
Енді сол протокол толтыруды өздерінің құзіретіне бердік. Енді олар тек қана
предписание емес, ар жағынан протокол да толтыра алатын мүмкіндік алды. Өйткені
бұл таза бюрократиялық мәселеден арылту процессі.
Иә.мемлекеттік күзет қызметінің
құзыреті артып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету тетігі күшейеді. Осы тұста, олар
өз мүмкіндіктерін қалай пайдаланады деген заңды сұрақ туады. Оған мемлекеттік
күзет қызметі бастығының орынбасары былай деп жауап берді.
Шыңғыс Жақыпов, ҚР Мемлекеттік күзет
қызметі бастығының орынбасары:
- Физикалық күшті арнаулы құралдармен
қаруды қолдану мәселесінде бірыңғай құқықтық талаптар сақталады. Осыған
байланысты тартылған қызметкерлер мемлекеттік күзет қызметі үшін белгіленген
нормалар мен шектеулерді басшылыққа алатын болады.
Айтпақшы, бұдан бөлек экстремистік
және террористік материалдарды үйінде сақтап келгендерге қатысты талап
қатаңдайды. Бұған дейін, тек құжаттарды таратқардар ғана жауапқа тартылатын
еді. Енді депутат Ермұрат Бапи қағаз бетіндегі жазбалардан бөлек, аудио-видео
материалдарды желіге жүктегендерді де қатаң бақылауға алуды ұсынды.
Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті
Мәжілісінің депутаты:
- Діни білімі кенде, діни статусы
күдікті дүмшелер әлеуметтік желілерде өріп жүр. Олар қоғамды радикалды ой
әрекетке жетелеп, елдегі мұсылман қауымы арасына іріткі салып, біздің халық
ежелден табынатын дәстүрлі исламның діни қағидаларын бұрмалауда. Бас прокуратура
және тиісті ведомствалармен мемлекеттік органдар онлайн ортадағы осы құйтырқы
құбылысты шектеу әрекетіне жедел кірісуі керек.
Сондай-ақ, заң жобасында бюджет
қаражатын үнемдеуді және ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған
нормалар да бар. Мәселен, әскери және арнаулы оқу орнынан шығарылған
офицер-магистранттар мен докторанттардың көлікте жүру және өз мүлкін тасымалдау
шығындарын өтеу тетігін алып тастау ұсынылады.
Авторы: Зұлқарнай Ермұратұлы

