Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады

Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты құрылады

Қазақстанда Каспий теңізінің ғылыми-зерттеу институты пайда болады. Оны құру туралы қаулыны ел үкіметі бекітті. Жоспар бойынша, ғылыми-зерттеу институты Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалды бақылауда ұстап, оның ішінде су деңгейіндегі өзгерістер, итбалықтарды және өзге де су мекенділерді, теңіз беті мен жағалауды сақтауды басты назарда ұстайды. Одан бөлек, институт Каспий теңізі жағалауындағы өзге мемлекеттердегі әріптестерімен тығыз байланыс орнатумен де айналыспақ. Басты міндет – теңіздің экожүйесінің жағдайы жайлы тәуелсіз мағлұмат беру. Артынша, анықталған мәліметтер экологиялық ахуалды жақсарту және сақтау мақсатында мемлекеттік органдарға беріледі. Осылайша, институттың құрылуы Каспий теңізін сақтау бойынша Ұлттық және халықаралық міндеттемелерді орындауға мүмкіндік береді.

 

Дидар Жәнібекұлы, ҚР су ресурстары және ирригация министрлігінің ғылыми және инновациялық технологиялар департаментінің кадрлық әлеуетті дамыту басқармасының басшысы:

–  Осыған дейін мемлекет басшысы Каспий теңізін сақтау мақсатында зерттеумен айналысатын мемлекеттік ғылыми институт құруды тапсырған болатын. Бұндай мекемелер Каспий теңізі жағалауындағы өзге мемлекеттерде бар. Институтты құру қазіргі ахуалды толыққанды зерттеуге, ауқымды проблемаларды шешуге және халықаралық байланысты тереңдетуге мүмкіндік беретін кешенді шешім болып табылады.