«Астана Опера» театрының жас әртістері алғаш рет «Біржан-Сара» операсын шырқады

«Астана Опера» театрының бірнеше жас әртісі «Біржан-Сара» спектаклінде алғашқы рөлдерін сомдап, опера орындады. Қазақ опера өнерінің классикасына айналған Мұқан Төлебаевтың қос ғашық туралы бұл туындысы елордалық көрерменге екі күн қатарынан ұсынылды. Біржан мен Сараның басты партияларын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Мейір Бейнеш, Бейімбет Таңарықов пен Бибігүл Жанұзақ және Айгүл Ниязова орындады. Ал, жас солистердің қатарында Валерий Селиванов пен Алтынбек Әбілда болды. Олар Қожағұл мен Жиенқұлдың партияларын шырқады. Олардың айтуынша, дайындық ұзақ әрі тыңғылықты болды. Толыққанды образды меңгеру үшін 2 ай шамасында уақыт кеткен.

Валерий Селиванов, «Астана Опера»  театрының әртісі

– Партияға дайындық өте ұзақ, қиын болды десем артық айтқаным емес. Дыбыстардың дұрыс айтылуы, образ бойынша жұмыс деген секілді детальдар әрине көп уақытты талап етеді. Оның үстіне, режиссермен, концертмейстермен бірге көп дайындалдық. Маған партияның өзі қатты ұнады. Ол тек вокалдық жағынан емес, кейіпкерді де ашу керек. Ал, музыка расымен, керемет жазылған. Кейіпкерді сомдау да керек, оның мінез-құлқын жеткізу керек.

 

Өз кезегінде, Алтынбек Әбілда, Жиенқұлдың партиясы одан көп еңбек пен тыңғылықты дайындықты талап еткенін айтуда. Әртістің айтуынша, ол вокалдық техниканың әралуандығын және төменгі ноталардың көптігімен ерекшеленеді. Ал, Жиенқұлдың бейнесі мен сценарий бойынша әрекеттері әртістің мінез-құлқыны мүлдем ұқсамайды екен.

 

Алтынбек Әбілда, «Астана Опера» театрының солисі

- Партияға өте жақсы дайындалдым деп айта аламын. Бұл партия жағымсыз кейіпкердікі болғандықтан, жақсы дайындықты талап етеді. Мен өзім табиғатымнан сабырлы адаммын. Образ жағынан қарама-қайшы болғандықтан, жақсы дайындалдым осы партияға.

 

Спектакльде сахналық костюмдерге, жарқын және технологиялық декорацияларға ерекше назар аударылған. Мұның барлығы көрермендерді дәлме-дәл сол кезеңге түскендей әсер қалдырады. Музыканы атап өтпеуге болмайды. Себебі ол әртістермен бірге қуанып, бірге уайымдайды. Екі кеш бойы театрдың симфониялық оркестріне Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин жетекшілік етті.