Шетелдік туристер үшін тартымды Қазақстандағы топ-5 қала

Қазақстан шетелдіктер арасында әлемдегі ең танымал туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Әйгілі италиялық Condé Nast Traveller Italia басылымы Шымбұлақ тау шаңғы курортын әлем саяхатшылары міндетті түрде баруға тиіс ТОП-5 орынның бірі ретінде ұсынды. Ал америкалық New York Times нұсқасы бойынша Алматы 2024 жылы көруге тұрарлық 52 орын тізіміне енген. Шетелдіктер арасында елдің оңтүстік астанасы туристік өңір ретінде кеңінен танымал. Бүгінде Алатау бөктеріндегі әсем шаһар ең көп сырттан қонақтарды қабылдайтын жергілікті қалалардың көшін бастады. 

 

Мәселен былтыр 9 айдың ішінде Қазақстанға саяхаттап келген шетелдіктердің тең жартысы Алматыны аралаған. Екінші орынға ел ордасы - Астана қаласы жайғасты. Еліміздің бас қаласына шетелдіктер іскерлік туризм бойынша жиі келеді. Маңғыстау өңірі де туристер үшін тартымды. Бұл бағыттағы үздік бестікке Атырау облысы мен Шымкент қаласы да енді.  

 

Нұртас Кәріпбаев, ҚР Туризм және спорт министрлігі комитеті төрағасының орынбасары: 

 

- Еліміздің туристік әлеуеті мен дәстүрлі қонақжайлығының арқасында Қазақстан шетелдіктер арасында әлемдегі ең танымал туристік бағыттардың біріне айналып келеді. Қазіргі таңда біздің еліміз 82 елмен визасыз режим орнатқан болатын.  Бұл тізімді біз 100-ге дейін жеткізуді жоспарлап жатырмыз. Сонымен қатар еліміз әлемнің 28 елмен 120 бағыт бойынша әуе қатынастарын орнатқан болатын.  

 

Сонымен қатар Қазақстанда шетелдік саяхатшылар ағынын арттыру қамында туризм саласының деректерін талдауға негізделген жоба іске қосылды. Яғни, жүйе орналастыру орындары, тамақ және сусындар, көрікті жерлерге қатысты елімізде болған туристердің пікірі мен шолуына TripAdvisor тұғырнамасында мәтіндік талдау жүргізеді. Осының нәтижесінде отандық туризмнің жай-күйі айқындалып, оны дамыту үшін елшілік және халықаралық бағыттар бойынша нақты жоспар мен ұсыныстар әзірленеді.