Елде «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр

Ел бойынша «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтіп жатыр. Шараға Қызылордалықтар да белсене қатысуда. «Тазалық - табалдырықтан басталады», -  деген тәмсілді ұстанған тұрғындар бүгін таң сәріден ерте тұрып, ауласы мен көшелерін тазалауда. Ал арнайы техникалар жиналған күл-қоқысты полигонға тасыды.

«Қызылорда тазалығы» мекемесі қаланы көркейту, көгалдандыру жұмыстарына айрықша атсалысып жүрген ұжым. Соңғы 2 жылда облыс әкімінің қолдауымен 2 млрд теңгеден астам қаржы бөлініп, мекеменің материалдық, техникалық базасы жаңғырды. Тәуір техниканы тізгіндеген жұмысшылардың да жағдайы жақсарды. 

Қала аумағынан күн сайын 780 текше метр қоқыс жиналып, арнайы полигонға апарып төгіледі.

Сапарғали Асылбеков, «Қызылорда тазалығы» мекемесі басшысының міндетін атқарушы:

- Қазіргі таңда қаламыз күннен күнге ұлғаюда, осыған байланысты қоқыс полигонына шығарылатын тұрмыстық қалдықтардың да көлемін артуда. Біз тазалық мәдениетін қалыптастыру мақсатында тұрғындармен түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргіземіз.

Тазалық акциясына бір мезетте 75 арнайы техника мен 200 астам жұмысшы қатысты. Олар өздеріне бекітілген аумақтарды тазартып, туған жерді түлетуге атсалысты. «Таза Қазақстан — Таза аймақ» экологиялық науқаны облыс орталығында ғана емес, облыстың барлық аймағында өткізілді.