Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады
Елімізде
жасанды интеллект жөніндегі халықаралық консультативтік кеңес құрылады. Оған
Мемлекет басшысы жетекшілік етеді. Бұл кеңес әлемдік деңгейдегі сарапшылармен
диалог жүргізіп, пікір алмасатын стратегиялық алаңға айналады. Бұл туралы
Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиде жасанды интеллект сарапшыларымен болған
кездесуде мәлімдеді. Қазір еліміз осы салаға жоғары санатты маман даярлау ісіне
айрықша басымдық беріп отыр. Мәселен, AlemAI озық технологиялар орталығы
құрылды. Ол әлемдегі үздік тәжірибелерді игеріп, инновациялық шешімдердің
енгізілуіне ықпал етеді. Қазақстан жаһандық жасанды интеллект экожүйесінің
белсенді мүшесі болуға ұмтылады деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанда
жасанды интеллектті ілгерілетуге берік негіз қалау үшін маңызды қадамдар
жасалып жатыр. Институционалдық орта қалыптастыруға, инфрақұрылым мен адам
капиталын дамытуға баса мән беріліп отыр. Біз ЖИ саласындағы адам капиталын
дамыту мақсатында AI-Sana деп аталатын инновациялық білім беру бағдарламасын
жасадық. Бағдарлама түрлі сала мамандарының пәнаралық даярлығын қамтамасыз етеді
және ЖИ-ге қатысты озық шешімдерді әзірлеуге септігін тигізеді.

