Президент дәрігерлерді марапаттады
Елімізде азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75 жастан асты. Ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайды. Бес жылда 800-ге жуық денсаулық сақтау нысаны салынды. Ол туралы бүгін Президент медицина саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіби мерекеде Ақордада дәрігерлермен алғаш рет кездесіп отыр. Мемлекет басшысы қазақ дәрігерлері қай кезде болсын, ел мүддесін бәрінен биік қоя білгенін тілге тиек етті. Қазіргі таңда адам өміріне араша түсіп жүрген абзал жандардың да еңбегін ерекше бағалады. Қазақстанда ауылдық жердегі медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бүгінде 469 ғимарат бой көтерген. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынады. Фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытуға айрықша назар аударылып отыр.

