Қазақстанда экспорттаушыларды қолдау бағдарламалары іске қосылуда

Қазақстанда экспорттаушыларды қолдау бағдарламалары іске қосылуда

Қазақстанда отандық компанияларды 2 бағдарламаға іріктеу жүргізіліп жатыр. Ол «Экспорттық акселерация-2024» және халықаралық Alibaba.com сауда платформасына шығу бағдарламалары. Олардың операторы қызметін «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы атқарады. Бұл туралы еліміздің Сауда және интеграция министрлігі хабарлады.

 

Ведомство мәліметінше, шағын және орта бизнес санаттарына жататын 120 кәсіпорын іріктелініп алынады. Олар, машина құрастыру, химия, жеңіл және азық-түлік пен қызмет көрсету салаларына негізделген болуы тиіс. Компаниялар бірқатар қызмет түрлерін ала алады. Оның ішінде – компания мен шығаратын өнімі туралы сараптамалық баға, сыртқы сауда мәселесі бойынша оқыту мен сәйкес келетін нарықты таңдап беру, сатып алушыны тауып беру, маркетингтік шаралар жүргізу, B2B форматындағы кездесулер өткізу және экспортқа қажетті құжаттар тізімін жасау бар.

 

Осылайша, мемлекеттік қолдаудың кешенді шараларының арқасында шикізаттық емес компаниялар өздерінің экспорттық әлеуеттерін едәуір арттыра алады.


Айта кетсек, Қазақстанда 2020 мен 2023 жылдар аралығында 400 жуық компаниялар экспорттық акселерация бағдарламасының қатысушысы болды.