Үкіметте цифрландырудың жаңа тәсілдері талқыланды
Халыққа қызмет көрсету орталықтарына шағым көп. Ақпараттық жүйелері жиі істен шығады. Премьер-министр Олжас Бектенов «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясын сынға алды. Рас, жұрт жиі жүгінетін орталықтар жиі дауға қалады. Сондықтан Үкімет мемлекеттік қызметтерді цифрландыру ісін жылдамдатуға көшті. Қазір көрсеткіш 92 проценттің шамасында.
Алтынбек Әмит, Тілші:
- Қазір көбі қабат-қабат құжат арқалап, қаптаған есіктерді қағып тұрмайды. Былтырғы статистикаға қарасақ қазақстандықтар 340 миллион рет мемлекеттік қызметтің онлайн форматына жүгініпті. Өйткені азаматтар электронды қолтаңба мен биометриялық сәйкестендіруді сенімді қолданып жүр. Цифрлық құжаттар қызметі де кеңінен тарады. Бір жыл ішінде оны 292 миллион рет пайдаланыппыз.
Жаслан Мадиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Мемлекеттік қызметтерге қол жеткізуді монополиясыздандыру шеңберінде негізгі сервистер танымал финтех-платформаларға интеграцияланды, бұл халықты цифрлық қызметтермен қамтуды едәуір арттырды.
Жақын арада көлік иелеріне қатысты жаңа цифрлық қызмет іске қосылады. Сондай-ақ, бірнеше аптадан соң жеке куәлікті онлайн ауыстыруға болады. Ол үшін бар болғаны «eGov» платформасына фотосуретіңізді жүктеп, сәйкестендіруден өтсеңіз жеткілікті. Дайын болғанда хабарлама келеді. Жалпы, былтыр халыққа қызмет көрсету орталықтарының операторлары 15 миллион 200 мың рет қызмет көрсеткен екен. Өтініштердің 80 пайызы оңынан шешілген. Жыл соңына дейін бұл жүктемелердің тең жартысы қысқармақ. Өйткені онлайн форматқа ауысады.
Жаслан Мадиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Бірінші кезеңде: жеке куәлікті ауыстыру, еңбек мигранттарына рұқсат беру қызметтері тұр. Келесі кезекте көлік, жылжымайтын мүлік, жерге қатысты құжаттар көшіріледі.
Ведомство басшысының ақпаратына қарасақ елде антифрот орталықтары көбеймек. Оның қызметі алаяқтардың қоңыраулары мен хабарламаларын дер кезінде бұғаттап отыру. Сондай-ақ, SIM-картасын тіркеген әр азамат биометриялық сәйкестендіруден өтуі тиіс. Оны бөтеннің қолдануына бергендер жауапқа тартылады. Ал Үкімет басшысы дербес деректердің таралып кетуіне жол берген жауапты мамандар үшін жазаны күшейту керек дейді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Дербес деректерді қорғау мен цифрлық қауіпсіздікке ерекше назар аудару керек. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, дербес деректермен жұмыс істейтін мамандардың жауапкершілігін арттыру бойынша тұрақты негізде жұмыс жүргізуі қажет.
Қазақстан цифрлық мемлекеттер тізімінде үздік
ондыққа кіреді. Бұл соңғы 5 жылда жеткен жетістігіміз. Ендігі мақсат жасанды
интеллект қолданысын кеңейту. Премьер-министр оны салық төлеу және бизнесті
«көлеңкеден» шығару үшін пайдаланған жөн дейді.

