17 ірі жоба іске асырылды
Ұлытау облысында ірі
әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Өңірді
дамытуға бағытталған бұл бастамалар «Қазақмыс» компаниясының, облыс әкімдігінің
және әлеуметтік әріптестердің қолдауымен іске асырлуда. Соңғы жылдары Ұлытау
облысында халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар маңызды
әлеуметтік нысандар бой көтерді. Солардың бірі – Жезқазған қаласында ашылған
әйгілі шахматшы, әлемнің бес дүркін чемпионы Жансая Әбдумәліктің шахмат
академиясының жаңа филиалы.
Жобаны жүзеге асыруға
«Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС демеушілік көрсеткен. Бұл – еліміздегі ең ірі
шахмат академияларының бірі. Мұнда Ұлытау облысының 5 пен 18 жас аралығындағы
мыңға жуық баласы шахмат өнерінің қыр-сырын меңгермек. Жалпы аумағы 900 шаршы
метрді құрайтын оқу орталығында оқушылар үшін барлық қажетті жағдай жасалған.
Заманауи жабдықтармен қамтылған кешен болашақ чемпиондарды даярлауға
бағытталған.
Жезқазған қаласында
тағы бір маңызды спорт нысаны ел игілігіне берілді. Көпфункциялы спорт нысаны –
«Қазақмыс» компаниясының әлеуметтік жауапкершілігінің нақты көрінісі және
өңірдің спорт инфрақұрылымын дамытуға қосқан қомақты үлесі. Құны 8,5 миллиард
теңгені құраған жоба «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС мен Ұлытау облысы әкімдігі
арасындағы меморандум аясында жүзеге асырылды. Үш қабатты ғимараттың жалпы
аумағы – 7 816 шаршы метр.
Өңірде әлеуметтік
маңызы бар тағы бір мәселе – балабақшадағы орын тапшылығы кезең-кезеңімен
шешімін табуда. Ұлытау облысына қарасты Сәтбаев қаласында бүгінде 1800-ге жуық
бала балабақша кезегінде тұр. Осы мәселені азайту мақсатында «Ақбота» бөбекжайы
күрделі жөндеуден өтіп, қайта пайдалануға берілді. 1994 жылы салынған мектепке
дейінгі мекеме Ұлытау облысы әкімдігі мен «Қазақмыс корпорациясы» арасындағы
серіктестік аясында толық жөндеуден өтті. Бүгін нысан салтанатты түрде қайта
ашылды.
Әлеуметтік жоба
аясында Сәтбаев қаласында жаңа демалыс аймағы пайдалануға берілді. Қаланың қақ
ортасынан орын алған саябақ отбасылық серуенге және балалардың бос уақытын
тиімді өткізуге арналған. Жобаны жүзеге асыруға «Қазақмыс» корпорациясы мен
қала әкімдігі қолдау көрсеткен. Жалпы құны – 650 миллион теңге.Демалыс
аймағында балаларға арналған ойын алаңдары, жайлы орындықтар, жарық шамдары
орнатылып, аумақ толық абаттандырылған. Жобаның ерекшелігі – интерактивті
құрғақ субұрқақ.
Ұлытау облысында
өндіріс пен ғылымды ұштастырған ауқымды жоба геологиялық кластер ашылды. Бұл –
еліміздегі алғашқы әрі әлемдік деңгейдегі ірі орталықтардың бірі. Мұнда
геологиялық барлаудың барлық кезеңі бір алаңға шоғырланған: оқу орталығы,
зертханалық кешен және керн қоймасы бір жерде орналасқан. Жобаға 11 миллиард
теңгеге жуық инвестиция салынған. Нәтижесінде 200-ден астам жаңа жұмыс орны
ашылды.
Өңірде өнеркәсіп
саласы да қарқынды дамып келеді. Ұлытау облысында респиратор шығаратын зауыт
іске қосылды. Бұл – соңғы үш жылда өңірде жүзеге асырылған он екінші
инвестициялық жоба. Жобаның құны – 800 миллион теңге. «Ulytau Industrial
Company» серіктестігі жүзеге асырған кәсіпорын жылына 5 миллион дана жеке
қорғаныс құралын шығаруға қауқарлы.
Қаңтар айынан бастап
Жезқазған қаласында «CK-NAMYS» балалар мен жасөспірімдер спорт академиясы
жұмысын бастайды. «Қазақмыс» компаниясының қолдауымен салынған нысан дарынды
балаларға арналған мектеп-интернат форматында қызмет көрсетеді. Жалпы аумағы 5
мың шаршы метрден асатын үш қабатты спорт кешенінің құрылысына 4 млрд теңгеден
астам инвестиция салынған. Академияда жаттығу залдары, әмбебап ойын алаңы және
150 орындық жатақхана бар.
Жалпы, 2025 жылы Ұлытау облысында жалпы құны 138 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылды. Бұл бастамалар өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына серпін берді. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

