Алматы қаласының ТЖД жер сілкінісіне байланысты жағдайды баяндады

Алматыда түнде жер сілкінісі болды. Мегаполистегі жер дүмпулері 23 қаңтар түн ортасында сезілді. Алғашқысы 12 ден 9 минут кеткенде басталса, екінші қарқынмен 12-ден 42 минут кеткенде және 1 ден 36 минут кеткенде тіркелген. Ал эпицентрі қаладан оңтүстік-шығыс бағытта Қытай мен Қырғызстан шекарасында болған. Алматыда зілзала 5 баллға, Шымкентте 2 баллға сезілген.  Одан бөлек, дүмпулер Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астанада да сезілген. Дағдарыс жағдайларында басқару орталығының базасында жедел республикалық штаб құрылды. Төтенше жағдай министрінің басқаруымен барлық азаматтық қорғау органдары дереу жұмысқа кірісті. Психологтар жұмылдырылған сенім телефондары іске қосылып, барлық құрал-жабдық пен техника жоғары деңгейлі дайындық режиміне көшірілді. Барлық қала мен облыста зардап шеккендер туралы ақпарат түспеді.

Президент 24-25 қаңтар күндері Алматыға барады

Сондай-ақ мемлекет басшысы 24-25 қаңтар күндері Алматы қаласына барады. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз-хатшысы Берік Уәли мәлімдеді. Оның айтуынша, сапар президенттің жоспарланған кестесіне сәйкес келеді. Мәлімдемеде президент мегаполистегі бірқатар нысандарды аралайтыны және қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді делінген.