Қ.Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді

Қ.Тоқаев Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен келіссөз жүргізді

Жақын арада өзара тауарайналымын 500 млн долларға дейін арттыру керек. Қазақстан Президенті мемлекеттік сапар барысында Қатар Әмірі шейх Тәмим бен Хамад Әл Тәнимен кездесуінде осындай ұсынысын айтты. Естеріңізге сала кетейік, 2023 жылы мемлекеттер арасындағы сауда-саттық 9,9 млн долларды құрады. Бұл ретте 5,6 млн доллар араб еліне жөнелтілген отандық экспорттың үлесіне тиесілі. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл келіссөздер барысында еліміз америкалық валютада жалпы құны 250 млн бағаланатын 60 шикізаттық емес тауар түрі бойынша экспортты ұлғайтуға дайын екенін жеткізді. Мемлекет басшысы Қатар Қазақстанның ислам әлеміндегі маңызды әрі сенімді серіктесі екенін ерекше атап өтті. Жақын болашақта бұл ел біздің ең ірі инвесторлардың ондығына кіреді деп есептейтінін жеткізді. Сонымен қатар тараптар ауыл шаруашылық, көлік-логистика және туризм салаларының әлеуетін талқылады. Атап айтқанда,  Қазақстан Президенті  Қатарды Шығанақ пен Орталық Азияны байланыстыратын интермодальды көлік желісін дамыту үшін күш-жігер біріктіруге шақырды. Бұл өңірдің экономикалық белсенділігін ынталандыруға ықпал етпек. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту жағыда назарсыз қалмады. Мемлекет басшысы 2025-ші жылы екі ел астаналарында Қазақстан мен Қатардың мәдениет күндерін ұйымдастыруды ұсынды. Бұл шаралар мәдени мұрасы бай халықтарымызды жақындата түсетініне сенім білдірді. Қазақстан Президенті мен Қатар Мемлекетінің Әмірі келіссөздің соңында бірқатар құжатқа қол қойды. Олар қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, энергетика және газ секторындағы жобаларды жүзеге асыру, цифрлық даму және тағы басқа да салалардағы ынтымақтастыққа қатысты.