Сенат білім беру саласын жетілдіруді көздейтін заңды мақұлдады

Сенат білім беру саласын жетілдіруді көздейтін заңды мақұлдады

Қазақстанда жаңа ықшам аудандарында көппәтерлі тұрғын үй салу кезінде, міндетті түрде білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары бой түзеуі тиіс. Жобалау құжаттарында аталған әлеуметтік маңызы бар нысандар ескерілмесе баспана құрылысына тыйым салынады. Ел сенаты бұндай талап көзделген заң жобасын мақұлдады. Құжат аясында ұлттық заңнамаға  білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі бойынша бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек. Мәселен, сабақ кезінде ұялы телефонды пайдалануға шектеу қою, бірінші сыныпқа тестілеусіз қабылдау, балабақшаларға орын беру бойынша бірыңғай кезектілікті қамтамасыз етуге бағытталған нормалар қамтылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

- Бүгін мақұлданған заң осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді көздейтін маңызды түзетулер топтамасын қамтиды. Атап айтқанда, балаларға білім беру сапасын арттыруға, оқу орындарының қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған заңнамалық талаптар бар. Сондай-ақ, балалар қауіпсіздігіне қатысты жаңа ережелер де қамтылған. Осы заң арқылы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға тәлімгерлік институты енгізіледі. Жалпы мақұлданған заң жас ұрпақтың мүдделерін қорғауға тың серпін береді деп сенеміз.